- 15.06.2022
- Category: Мақалалар
Семей қаласы облыстық тарихи-өлкетану музейі экспозициясының бір бөлімі қала кәсіпорындарына арналған. Аталмыш мақалада қаладағы алғашқы кәсіпорындар тарихынан біраз мағлұмат ұсынамыз.
ХІХ ғасырдың аяғы мен XX ғасырда Семей облысында өнімді алғаш өңдеу өнеркәсібі құрылды. Осы кезеңде қалада әртүрлі деңгейдегі кәсіпорындар, сауда үйлері көптеп ашылып, сәл кейінірек кино мен кинотеатрлар, баспаханалар ашыла бастады.
Экономиканың қарқынды дамуының тағы бір белгісі Қазақстанға банк капиталының жылыстап енуі және оның аумағында несие желісі құрылуы болатын. 1900 жылға қарай Семейде Мемлекеттік банк, Волго-Камск банкі, Артамонов банкі, Сібір сауда банкі филиалдары ашылды. Бұлар туралы мағлұматпен экспозициядағы жәдігерлер, құжаттармен танысу барысында көз жеткізуге болады.
Облыс және қала өндірісі өте нашар дамыды. Қалада ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін ұсақ мекемелер мен құрылыс зауыттары ғана болды. Семейде сабын шығаратын, тері өңдейтін, шарап шығаратын, кірпіш заводтары 2-ден 10-ға дейін жұмысшысы болып істеп тұрды. Ең ірі мекеме -екі бу диірмені болды.
Семей ет-консерві комбинаты
1931 жылы Семей қаласының шетінде ет-консерві комбинатының құрылысы басталды. 1932 жылы көктемде комбинат конторын, қуатты компрессор цехы, басқа да көптеген объектілерді салу басталды. Комбинатты ашу алғашқы ресми және салтанатты түрде 1934 жылдың 5 қарашасында болды. Комбинаттың құрылысы жүріп жатқан кезде мұнда Кеңес Одағының көрнекті қайраткерлері С.М.Киров, М.И.Калинин, А.И.Микоян болды. Комбинат 300-ден астам (тағамдық, мед., тех. өнімдер, сүйектен, мүйізден жасалынған бұйымдар) өнім түрлерін шығарады. Оның сойыс малын ұстайтын базасы, мал сою, консерв, колбаса-кулинарлық, тоңазытқыш, медициналық аппараттар, техникалық фабрикаттар заводы және 18 қосымша цехы бар.
1960 жылдардың басында Семей қаласы Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіпті қала атанды. Жеңіл кәсіпорындар «Большевичка», «Аяқ- киім», «Тері-мех» комбинаттары халыққа жаңаша қызмет ете бастады. Осы кезден бастап көптеген зауыттар ашылып, алғашқы өнімдерін шығара бастады.
Семей былғары-тері мех комбинаты
Егер тарихқа үңілсек, көпес Плещеевтің жартылай жертөле үйінде ораналсқан шағын өндірістен бастау алған. Содан бері осы шағын өндіріс кешегі Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарынан бастап қанат жая бастады. 1936 жылы 30 желтоқсанда Семей тері заводының тобы «тері тон комбинатын» ұйымдастырған. Жаңадан ашылған цехтар, зертханалар кәсіпорынның бір бөлшегіне айналды. 1937 жылы тон, қысқа тон, қолғап, аяқ киімдер шығаратын галантереялық цех іске қосылды. Комбинаттағы ғылыми-техникалық жүйе соғыс жылдарында да дамуын тоқтатқан жоқ. Дәл осы жылдары механикалық және орталықтандырылған химиялық зертхана, сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдейтін қосалқы цех іске қосылды. Ел басына күн туған тұста комбинат жұмысшылары майдандағыларды жылы киіммен қамтамасыз етті. Кәсіпорын 2001 жылдан бері жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде жұмыс істеуде.
«Силикат» зауыты
«Силикат» зауыты 1958 жылы іске қосылды. Шығаратын өнімдері силикат кірпіш, қаптамалы түсті кірпіш, сәндік бетон плитка, құрылыстық әк, бөлшектеніп өлшенген әк, құрылыстық құм. 1959 жылы әк құйдіретін 4 уақытша пеш салынды. 1965 жылы тәулігіне қуаты 50 тоннадан әк өндіретін механикаландырылған 2 шахталық әк күйдіргіш пайдалануға берілді. 1972 жылы жүргізілген реконструкция нәтижесінде зауыттың жылдық қуаты 160 млн. дана кірпіш, әк өндіру 65 мың тоннаға жетті.
«Силикат» зауытының ең басты өнімі – кірпіш. Суықбұлақ жерінен әк тастары әкелініп, зауыттың жекеменшік механикаландырылған пештеріне өңделуден өтеді.
Семей шпал зауыты
Іргетасы ХХ ғасырдың 1932 жылы қаланған зауыт алғашқы шпалын шығара бастады. 1998-2001 жылдары заводтың өркендеу кезеңі болды. Кезінде жылына 2 млн. данаға дейін шпал өндірген завод Кеңес Одағы ыдыраған кезде 90-шы жылдары жабылуға шақ қалып, тәуелсіздігімізді алған жылдары заводтың екінші тынысы аылды. Қазір өнім нарық талабына сай қойылған. Шикізат Ресейден жеткізіледі. Қазақстан бойынша Шпал өндіретін екі завод бар. Бірі – Семейде, екінші – Арыста. Заводта алып цистерналарға салынып, 95 градусқа дейін қыздырылған май сіңген шпалдар жерде 25 жылға дейін бүлінбей жата береді. Шпалзаводта 180-ге жуық адам жұмыс істейді. Жұмыс маусымдық сипатта.
Семей машина жасау зауыты
«Семей машина жасау заводы» ААҚ-ның өнімдерін негізінен өз республикамыз бен Ресей тұтынушылары пайдаланады. Мұнда Т-250 тракторына, ауыл шаруышылығы техникасы мен «КамАЗ» машиналарына қажетті қосалқы бөлшектер де шығарылады. Кәсіпорын өз мұмкіндіктерін ескере келе әрі өндіріс көлемін ұлғайту мақсатымен теміржол вагондарын жөндеуге қосалқы бөлшектер, сондай-ақ халық тұтынатын товарлар, әсіресе шаруа қожалықтарына өте ыңғайлы астық, шөп оратын шағын механикалық құралдар шығара бастаған.
Анар Төлеубаева, музей маманы.