- 27.06.2022
- Category: Мақалалар

Үржар ауданындағы Елтай ауылының іргесінде, Тамды өзенінің жағасына жақын орналасқан үлкен қорған-қала бар. Ұзындығы ат шаптырым, көлденеңі 350-400 метр болады. Қай ғасырда және кімдер салғаны белгісіз. Ауыл адамдары «Жамбыл қорғаны» деп атап кеткен, қайсыбір азаматтар «Найманқала» дейді. Төрт бұрышында төрт мұнара және кірер қақпасының екі жағында тағы екі мұнара қаланған. Бір қызығы, қақпадан тура кіре алмайсың, екі бүйірден ғана кіруге мүмкіндік жасалған, сонан соң қақпаға бұрыласың. Қорған-қаланың айналасы кезінде терең ор болғаны байқалады. Бұл, әрине, шабуылдаушы жауға үлкен кедергі болғаны белгілі.
Қорған-қала қазір үлкен төмпешік болып жатыр. Қабырғаларының кейбір ашық қалған тұсынан күйдірілген қызыл-ала кірпіштерді көруге болады. Қаланы салғанда арнайы кірпіш құйып, әдемілеп өріп отырып қалаған. Ішінде казарма секілді ұзын-ұзын үйлер бірінен кейін бірі салынған. Тегі, тұрғындардан бұрын барақтарда әскерлер тұрған секілді. Ол үйлердің алдында кең алаң бар. Осы арада әскерлер жаттыққан болуы мүмкін. Найманқаланың тарихы тым тереңде.
Тағы бір аңыз былай дейді: «Кезінде Тарбағатай өңіріне аты шыққан атақты Мамытжан деген сал-сері өтіпті. Найманның Сыбан руынан. Ел аралап, ән айтып, палуан күрестіріп, дүрілдеп жүрген сері бірде Тарбағатайдың бір белесін қоныстап отырған Болатшы руының бір қызына ғашық болыпты. Бұла өскен байдың қызының да серіге көңілі кетсе керек. Екеуі сөз байласады. Бірақ қызды кішкене кезінде өзгеге атастырып қойған екен. Сол бар, әрі қызын «ұшарын сай, қонарын жел» білетін жалғыз атты серіге беруге бай келіспейді. Сыбанның сері жігіті бар жиған-тергенін сатып, Аякөз жақтағы атақты бір шеберге алтын жүзік соқтырып, қызға тарту жасайды. Ақыры әке рұқсатын бермесін білген қос ғашық елден қашып кетуге бел буса керек-ті. Бірақ тағдыр олардың бір болуын жазбаған екен. Қос жүйрік мінген қос ғашықты байдың шаш ал десе, бас алатын шабармандары Ащыөзек жотасының етегінде қуып жетіп, айқасыпты. Жалғыз атты көпке қалай шамасы келсін. Қатты тиген шоқпардан сол жерде жігіт мерт болыпты. Мұны көрген қыз да «жаным сүйгеніммен бірге» деп өзін кездікпен жарып жіберіпті. Бай өзіне сөз келмес үшін, жұртқа «сері жігітпен қызым бізге жеткізбей қашып кетті» деп алдаусырата әңгіме айтып, махаббат жолында шаһид болған қос ғашықты Ащыөзектің етегіндегі ел бармайтын көне қорған ішіне жерлепті. Найманның қос ғашығы жерленген сол қорған-Найманқала.
Серікбек Туғанов, музей маманы