Областной историко-краеведческий музей города Семей

Абай облысы
Семей қаласы, Абай көшесі, 90

ҚАЗАҚ ВАЛЬСІНІҢ СЫРЛЫ САЗГЕРІ – БЕКЕН ЖАМАҚАЕВ

Қазақ даласы талай дарынды перзентті өмірге әкелді. Солардың ішінде аты кеңінен атала бермесе де, жүректен шыққан әуені халық жадында сақталған өнер иелері бар. Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің туған жері – қасиетті Шыңғыстау да сондай сирек таланттарды дүниеге әкелген құтты мекен.

Осы киелі өңірде Бекен Жамақаев 1931 жылы Абай ауданының Саржал ауылынан 50 шақырымдай қашықтықтағы Жанан деген жерде дүниеге келген. Ол Семей қаласындағы №16 қазақ орта мектебіне түсіп, 1946 жылы жетіжылдық білім алып шығады. 1946–1948 жылдары Абай атындағы облыстық драма театрында артист болып қызмет атқарды.

1948 жылы Семей педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, оны 1950 жылы барлық пән бойынша үздік тәмамдайды. 1952–1957 жылдары цензор болып жұмыс істеп, 1958 жылғы ақпан айынан 1960 жылдың шілдесіне дейін облыстық радиокомитетте дикторлық қызмет атқарды. Өмірінің соңғы жылдарында жағымды дауысымен радио дикторы ретінде эфирге жиі шығып жүрді.

Жұбайы – Жамақаева Майнұр Володарский атындағы тігін фабрикасында машинистка болып еңбек еткен. Өнер мен еңбекті қатар ұстанған бұл отбасында төрт бала тәрбиеленді.

Бекен Жамақаев көзі тірісінде өз әндерінің бірде-бір жинағын жариялап үлгермеді. Оның музыкалық мұрасы халық жадында, ел аузында сақталған әсем әндері арқылы бүгінге жетті. Композитордың шығармашылық ізденіс кезеңі XX ғасырдың 50–60 жылдарын қамтиды. Бұл – қазақ музыкасының алтын дәуірі, Әбілахат Еспаев, Бақытжан Байқадамов, Шәмші Қалдаяқов сынды саңлақтар өнер көгінде жарқыраған уақыт еді.

1955 жылы алғаш рет шырқалған «Махаббат вальсі» қазақ музыкасы тарихындағы айрықша құбылыс болды. Бұлақ суындай мөлдір, табиғи тазалығы таңғы шықтай кіршіксіз бұл ән миллиондаған тыңдаушылардың жүрегін жаулап алды. Әннің КСРО халық әртісі Роза Бағланованың орындауында шырқалуы оның кеңінен танылуына зор ықпал етті.

Композитор шығармаларының басым бөлігі вальс ырғағында жазылған. «Сен ғана», «Ертіс вальсі», «Гүлім қайда», «Мереке вальсі» сынды әндер халық арасында кеңінен таралып, бүгінге дейін сүйіспеншілікпен орындалып келеді. Оның әуендері тыңдаушы жан дүниесіне терең бойлап, көңілді тебірентіп, жүрек қылын қозғайды. Осы қырынан замандастары Бекен Жамақаев шығармашылығын Шәмші Қалдаяқовтың әуендік әлемімен үндес деп бағалаған.

Композитор 41 жасында өмірден өтті. Ол дүниеден озғаннан кейін 20 жыл өткен соң, бір кезде өзі қызмет еткен Абай атындағы театрда еске алу кеші ұйымдастырылды. Бұл – ел жадында қалған өнер иесіне көрсетілген құрметтің белгісі.

Бүгінде Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында Бекен Жамақаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлер сақтаулы. Олардың қатарында:

– композитордың өзі ойнаған пианиносы (саусақ табы сақталған);

– шығармашылық жолында пайдаланған баяны;

– жеке кітаптары;

– әр жылдары түсірілген фотосуреттері;

– театр және концерттік қызметіне қатысты афишалар бар.

Бұл жәдігерлер – Бекен Жамақаевтың шығармашылық жолын, өмірлік болмысын және қазақ музыкасына қосқан үлесін айғақтайтын асыл қазына.

Сонымен қатар, ұрпақтары көздің қарашығындай сақтап келген елуге жуық нота қолжазбасы – қазақ музыкасына қалдырылған баға жетпес рухани аманат.

Бекен Жамақаевтың жеке заттары музейдің қорына оның туысқан қарындасы Бейбітжан Молдаханова тарапынан 2014 жылы тапсырылған.

Уақыт өтсе де, жүректен шыққан әуен өлмейді. Бекен Жамақаевтың сазы – соның айқын дәлелі.

 

Анар ТОЛЕУБАЕВА,

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі