Областной историко-краеведческий музей города Семей

Абай облысы
Семей қаласы, Абай көшесі, 90

СЕМЕЙДЕГІ «ЕКАТЕРИНКА» ТҮРМЕСІ

Семей – тарихы сарқылмас, Ертіс бойында бой көтерген ерекше қала. Көп ғасырлық шежіресінің қойнауында ақиқат пен аңыз, шындық пен болжам тоғысқан оқиғалар аз емес. Солардың бірі – Семей қаласында болған «Екатеринка» түрмесі. Бұл атау ұзақ жылдар бойы қала тұрғындары мен жергілікті өлкетанушылардың жадында сақталып келеді. Алайда аталмыш қамау орны расында болған ба?

Алдымен Ресей императрицасы Екатерина II билігіне тоқталған жөн. XVIII ғасырдың екінші жартысында таққа отырған Екатерина II Ресей тарихында ерекше орын алатын тұлға. Ол мемлекет басқару ісінде заң мен тәртіпті нығайтуға, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді реттеуге баса мән берді.

Осы саясаттың бір көрінісі ретінде 1775 жылы Екатерина II «Қоғамдық қамқорлық бұйрығын» құрып, жаман мінез-құлықтағы адамдарға арналған бойұсыну үйлерін, ал қайыр сұраушылар үшін еңбек үйлерін ашуды бұйырды. 1783 жылы ұрылар мен алаяқтарға арналған жұмыс үйлері ұйымдастырылды.

Алайда бұл мекемелердің ешқайсысы Екатерина II тұсында Семипалатинск қаласында болған жоқ. Қаланың облыстық орталық мәртебесін алуы тек бір ғасырдан кейін, 1854 жылға сәйкес келеді. Осы кезеңнен бастап Семипалатинскте түрлі облыстық мекемелерге арналған ғимараттар салына бастады. 1863 жылы мұнда облыстық басқарма, уездік басқарма, қазынашылық, полиция және түрме ашылды.

Семейде арнайы түрме ғимараты салынғанға дейін, қоғамдық тәртіпті бұзған, алаяқтықпен айналысқан немесе ауыр қылмыс жасаған адамдар 1795 жылы салынған Семипалатинск бекінісінің маңындағы бұрынғы әскери казармаларда қамауда ұсталды.

Бұл кезеңде қалада қылмыскерлерге арналған толыққанды түрме де, қоныс аударылғандарға арналған кезеңдік аула да болмаған. Тұтқындар батальон казармаларында немесе гауптвахтада ұсталды. Ер адамдарға арналған екі үлкен бөлме және әйелдерге арналған бір ғана шағын бөлме бөлінген еді. Бөлмелердің тарлығынан адамдар бір-біріне тым тығыз орналасып, жата да, толық бұрыла да алмайтын. Көпшілігі тізерлеп отырып ұйықтауға мәжбүр болды. Тамақтану, жұмыс істеу және ұйықтау – барлығы сол бір бөлмелерде өтті.

Семейдің қайтадан облыстық қала мәртебесін алып, облыстық басқарма мен қалалық соттың ашылуына байланысты азаматтық ведомствоға қарасты сот істері осында шоғырланды. Соның нәтижесінде тұтқындар саны күрт артты.

Тұтқындарды ұстау жағдайын жақсарту және бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалуын бақылау мақсатында патша үкіметі қоғамдық бақылау органын құруды жөн көрді. 1858 жылғы 6 маусымда Ресей империясының барлық облыстары мен уездерінде генерал-губернаторлар басқаратын түрмелер жөніндегі қамқоршылық комитеттерін құру туралы жарлыққа қол қойылды. Семей қаласында мұндай облыстық комитет 1859 жылғы 4 қаңтарда құрылды.

Комитет құрамына вице-президенттер бекітіліп, олар түрме мекемелеріне жиі барып, ондағы жағдаймен танысып отырды. Мереке күндері әскери губернатор мен директорлар түрмені тұрақты түрде аралап, тұтқындардың жеткілікті мөлшерде сапалы тамақпен, киім-кешекпен, таза іш киім және аяқ киіммен қамтамасыз етілуін қадағалады.

Мекеме директоры тұтқындармен тұрақты түрде әңгімелесіп, оларға діни тәрбие беру арқылы өкініш пен тәубе сезімін оятуға тырысты.

Алайда бұл комитет құрылғанға дейін-ақ, яғни 1855 жылғы 10 ақпанда Батыс Сібір генерал-губернаторы Семей қаласында арнайы түрме қамалын салу қажеттігін мойындап, Семей облысының әскери губернаторының міндетін атқарушыға тиісті жоспар әзірлеуді тапсырған болатын.

1855 жылғы 29 қыркүйекте жергілікті архитектор Родион Болботов түрме құрылысының сметасын жасауға кірісті. Ішкі істер министрлігімен ұзақ хат алмасу нәтижесінде, 1863 жылғы 14 қыркүйекте келісімшарт жасалып, архитектор бұл жобаны үш жыл ішінде аяқтауға міндеттелді.

Алайда жаңа тас түрменің құрылысы тек жеті жылдан кейін, 1870 жылдың шілде айының соңында ғана толық аяқталды. Түрме ғимараты қала шетінде, айналасы бос жатқан, ешбір құрылыс нысандарымен қоршалмаған аумақта, Омбыға баратын пошталық жолдың бойында орналасқан еді.

 

Мадияр ЗАКИМОВ,

музей маманы