Областной историко-краеведческий музей города Семей

Абай облысы
Семей қаласы, Абай көшесі, 90

Музейге тарту

Бекен Жамақаевтың пианиносы музей қорына сыйға тартылды

Семей шаһары – Абай, Шәкәрім, Мұхтар сияқты сөз жүйріктері, ой-орам көсемдері, тіл данышпандары, дарын иелері табандарының ізі қалған ұлылар мекені. Солардың бірі – Шыңғыстаудың құтты қойнауының тумасы, шоқтығы биік тұлға, қазақ музыкасының жарық жұлдызы, табиғи талант иесі, дарынды сазгер Бекен Жамақаев.

Жүрегі әнге ғашық Бекен Жамақаев «Қазақ вальсінің хас шебері». Арнайы композиторлық білімі жоқ табиғи дарын иесі алғаш рет қасиетті домбыраны қолға алса, кейін гармон, сырнай, пианино, мандолин сияқты күрделі музыкалық аспаптарда шебер ойнаған. Сазгер әндерінің басым көпшілігі вальс ырғағында жазылғаны белгілі. Бекен Жамақаевтың халыққа кеңінен танымал «Махаббат вальсі», «Сен ғана», «Ертіс вальсі», «Гүлім қайда», «Сұлу сары», «Қоштасу», «Мереке вальсі», «Сырласу», «Түн сыры», т.б. әндері бар. Өзінің ғажайып әндерімен халықтың сүйіктісіне айналған – Б. Жамақаев еді. Сазгердің музыкалық мұрасы – музыка әлеміндегі әртүрлі деңгейдегі құйқылжыған әсем дыбыстардың рухани жемісі. Ол- ән сазымен жүрек қылын шерте білетін нағыз сазгер. Оның махаббат пен достық, адалдық пен Отан туралы сазды әуендері өнер сүйер қауымның көкейінде әлі күнге сақталуда. Өйткені ұлы сазгер әндерінің әуені ғажап түрде жеке дараланады.

Осы орайда жуырда Семейдің облыстық тарихи – өлкетану музейінде табиғи талант иесі, дарынды сазгер Бекен Жамақаевқа арналған «Жүрегі тұнған ән еді» атты еске алу кеші өтті. Көрмеге сазгердің қойын кітапшасы, нота жазбалары, құжат көшірмелері, хаттары, қолжазба нұсқалары, «Махаббат вальсі» әндер жинағы, баяны қойылды.

Бекен Жамақаевтың пианиносын 1960 жылы әжесі Орынбала сыйға тартқан. Сазгер өмірінің соңына дейін осы пианинода әндерін орындаған. Бүгінде Бекен Жамақаевтың қарындасы Бейбітжан сазгердің пианиносын музей қорына сыйға тартты.

ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ТЕАТР ӨНЕРІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ, ӘНШІ, АКТЕР ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВТЫҢ (1888-1934) ӨЗ ДАУЫСЫ ЖАЗЫЛҒАН ТАСПА.

1921 – 1924 жылдары Әміре Қашаубаев Семейдегі «Ес – аймақ» жастар драма үйірмесіне қатысады. Мұнда Әміре Қашаубаевтің бар таланты көрінді.1924 жылы халық таланты көрмесінде өткізілген этнографиялық концертте жүлдені жеңіп алды. 1927 жылы Франкфурт–на–Майне қаласында өткізген халықаралық музыка көрмесіне қатысып, ерекше дауысы мен орындау шеберлігімен дүниежүзі өнер өкілдерін таң қалдырады. Қазылар әншінің өнері мен орындаушылық қабілетін жоғары бағалады. Түрлі себептерге байланысты әншінің дауысы жазылған таспалар көпке дейін белгісіз болып келген. Тек 1974 жылы өнертанушы Жарқын Шәкәрімовтың іздестіруімен Әміренің дауысы жазылған таспа Москвадан табылды. Әміренің әндерімен бірге жазушы Сапарғали Бегалин, әнші Жүсіпбек Елебековтің естеліктері бар таспаны «РТРК Қазақстан» АҚ басшылығы музейге табыс етті. Таспада Әміре Қашаубаевтің орындауындағы «Балқадиша», «Ағаш аяқ», «Бесқарагер», «Дудар – ай», «Жалғыз арша», «Смет», «Үш дос» әндері жазылған.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘН КОНКУРСЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ, ӘНШІ, САЗГЕР, АКТЕР БОЛАТ СЫБАНОВТЫҢ ГАРМОНЫ МЕН ДОМБЫРАСЫ

Болат Сыбанов автор более 100 музыкальных произведений и исполнитель песен на русском, татарском, индийском и других языках под собственный аккомпанемент на домбре и баяне. Подарила музыкальный инструмент музею супруга Болата Сыбанова Умит. Вместе с баяном она передала в дар и другие личные вещи певца — домбру, часы, рукопись «Заманай», ручки, запонки и семейный самовар.

ГРАММОФОН КҮЙТАСПАЛАРЫ

Абай ауданы Саржал ауылының тұрғыны Смағұлова Бану музей қорына 70 күйтаспа сыйлады. Оның ішінде Дина Нүрпейісова мен (домбыра) Гүлнафия Баязитованың (қобыз) орындауындағы күйлер, Жүсіпбек Елебековтың орындауындағы Біржанның, Жаяу Мұсаның, Абайдың, Ғазиздің әндері, кейінгі өнер саңлақтарының орындауындағы әндермен бірге батырлар жырлары жазылған күй табақтар бар.

ЖӘНІБЕК КӘРМЕНОВТЫҢ ЖЕКЕ ЗАТТАРЫ

2013 жылдың көктемінде музейде әнші, жазушы, ҚР еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменовты еске алу кеші өтті. Халық әндерін орындаушы әнші, сазгер, жазушы, өнертанушы ретінде Жәнібек Кәрменов үлкен мұра қалдырды. Зайыбы мен балалары музейге Жәнібек Кәрменовтың жеке заттары – домбырасын, бешпетін, кітаптарын, «Алаштан ән оздырған» атты таспасын сыйлады.

КҮЛӘШ СӘКИЕВАНЫҢ ЖЕКЕ ЗАТТАРЫ

Музей қоры Қазақстан Республикасының Халық әртісі, «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің, «Еңбек ардагері» және «Тылдағы еңбегі үшін» медальдарының иегері, Семей және Зайсан қалаларының Құрметті азаматы, Абай атындағы музыкалық – драма театрының әртісі Сәкиева Күләш Сырымбетқызының жеке заттарымен толықтырылды

ЕСІМДЕРІ ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Семей облысы, Жаңа Семей ауданы, Бөкенші ауылының тумасы жауынгер Төлеубаев Түсіпжан РФ Орел қаласы маңындағы шайқаста қаза болған.

2010 жылы жауынгердің мәйітімен бірге жеке заттары каскасы, күрегі, жазу кітапшасы, аты – жөні, тегі және әскери бөлімінің нөмірі жазылған медальоны табылған. 2012 жылдың мамыр айында бұл заттарды жауынгердің немересі Ерболат Бейсенбинович Төлеубаев тапсырды (2010 жылғы 12 тамызда ол атасының мәйітін туған жеріне әкелген).

МУЗЕЙГЕ СЫЙЛЫҚ

 Қайым Мұхамедхановтың жұмыс креслосы. Қайым Мұхамедханов – ғалым, абайтанушы, текстолог, 1940 жылдан бері КСРО Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері, жазушы, ақын, драматург, аудармашы, педагог, Семей қаласындағы Абай мұражайының негізін қалаушы, Қазақ КСР алғашқы Мемлекеттік Әнұраны авторының бірі. Кресло ағаштан (қайың) жасалған.  Жұмсақ орындығы түрлі – түсті матамен қапталған. 2013 жылы ғалымның ұлы Қанағат Мұхамедхан креслоны музейге сыйға тапсырды.

ТАРИХИ РАРИТЕТ

Соңғы жылдары дүниежүзілік музей күні мерекесіне арналып «Музей түні» атты шара өткізу дәстүрге айналды. 2013 жылы  өткізілген осындай шарада  ғалым, түркітанушы, педагог, аудармашы, т.ғ.к. Кәрімов Мұхтарбек Қарпықұлы «Алаш» қозғалысының басшысы Ахмет Байтұрсыновтың 1927 ж. Қызылорда қаласында жарық көрген “Жаңа әліппе” оқулығын сыйлады.

ЕСКІНІҢ КӨЗІ

Семей өңірі Шақаман ауылының тұрғыны Иманғазин Мұхтархан Семиярка ауылды мекені аумағында қыш құмыралар тауып алып, 2013 жылғы 16 тамызда музейге сыйға тартты. Құмыралардың біреуінің түсі өзгерген. Ақ дақтар құмыраның көп уақыт жер астында жатқанының дәлелі. Екінші құмыра бетінде ою – өрнек бастырылған. Ашық отқа қыздырылған қыш құмыралар б.д.д. V – ІІІ ғасырға жатады.

ХІХ ҒАСЫРДЫҢ ТҰРМЫСТЫҚ ТЕХНИКАСЫ

Кір жуғыш машина – музейдің үлкен табысы. Мұндай кір жуғыш машиналар ХҮІІІ ғасырда пайда болған. Семей ірі сауда орталығы болғандықтан, мұнда бай, ауқатты адамдар көп тұрған. Олардың осындай қымбат бұйымдарға қолдары жететін болған. Орнықты аяқтары, екі жағында темір тұтқалары, су ағызатын тесігі бар. Машина емен ағаштан жасалған. Бұл кір жуғышты музейге 2013 жылы Семей қаласының тұрғыны Мажыранов Қайрат Кеңесұлы сыйға берді. (Қайрат Кеңесұлы Семей қаласындағы Гоголь көшесінен үй сатып алады. Сол үйдің жертөлесінен осы кір жуғыш машина табылған).

АҒАШ САНДЫҚ

Ағаш сандықтың иесі – еңбек ардагері, Қазақ КСР үздік ағартушысы Исмайлова Қазиман Смаиловна (1924 – 2011жж.). Сандықты музейге тапсырған еңбек ардагерінің қызы, Семей қаласының тұрғыны Смаилова Найля Қабдрахмановна. Ағаш сандық темір өрнектермен әшекейленген. Ертеде сандықта құнды заттар мен тұрмыстық заттар сақталған.

ТІЛЕУҒАЛИ ТҮСІПБЕКОВТЫҢ КЕШЕНІ

Семей қаржы – экономикалық колледжінің директоры Тілеуғали Темірғалиұлы Түсіпбеков «Ерен еңбегі үшін», Ыбырай Алтынсарин медалдары, «Қаржы қызметінің үздігі», «Қазақстанның білім беру үздігі», «Педагог – зерттеуші» белгілері, Қаз КСР жоғары Кеңесінің грамотасы, «Технология педагогического сопровождения» деген еңбегі, «Электронный колледж» бағдарламасы сияқты 100 – ге жуық құжаттар мен деректемелерді музей қорына сыйлады. Сонымен қатар Тілеуғали Түсіпбеков көп жылдар мектепте ұстаздық қызмет атқарған ата – анасы Түсіпбеков Темірғали мен Өтелбаева Мариякүлдің құжаттарын және дерек қағаздарын сыйлады.Экономика ғылымдарының кандидаты Т. Түсіпбековтың еңбектерін шет мемлекеттер де бағалайды: Т. Түсіпбеков Халықаралық Вена университетінің Құрметті профессоры. Тілеуғали Темірғалиұлы тек қана дарынды басшы емес, көрнекті ғалым және жаңашыл маман.

ФУТБОЛШЫЛАР ТАРТУЫ

Қазір Қазақстанның ең үздік футболшыларының бірі – Нұржан Кабдешұлы Дүйсембаевтың шәкірті Самат Смақов. Қазақстанның алты мәрте чемпионы, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері Самат Смақов 2009 жылы Ақтөбе облысының жыл адамы аталды. С. Смақов бес рет Қазақстан бойынша үздік футболшы атанды. «Ризеспор» (Түркия) ФК ойнады, қазір «Қайрат» (Алматы) ФК ойыншысы.

Семей футболының тәрбиеленушісі Сергей Бойченко Қазақстан чемпионаттарында 1997 жылдан ойнап жүр. 1996 жылы Қазақстан кубогында Сергей өз талантын алғаш рет Семейдің «Елімайы» мен Жезқазғанның «Еңбек» командасының ойынында көрсетті.

Андрей Карпович – ұстаз Сиретенконың шәкірті. 1998 – 2004жж. Қазақстан чемпионы. 2004 жылғы 08 қыркүйегінде УЕФА қолдауымен өткізілген Қазақстан – Украина матчындағы бірінші голдың авторы. «Динамо» (Москва), «Ертіс» (Павлодар) командалары құрамында ойнады. Қазіргі күні «Ордабасы» (Шымкент) ФК ойыншысы.

Футболшылар 2013 жылы Қазақстан футболының 100 – жылдығына орай музейде ұйымдастырылған көрмеге арнайы музей қорына жейделерін сыйға тартты.

ҚАЗАҚСТАН ФУТБОЛЫНЫҢ 100 – ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН МЕДАЛЬДАР

Қазақстан футболының 100 – жылдығына арналған медальдарды Семей қалалық әкімдігі музейге тапсырды. Мерекелік салтанатта осындай медальдармен футбол ардагерлері, қазіргі футбол командаларының ойыншылары және қонақтар марапатталды.

Салмағы 20 г, диаметрі 34 мм. бір медаль 925 сынақты күмістен жасалған, екінші медаль алтындатылған. Әр медальдың куәлігі бар.