Областной историко-краеведческий музей города Семей

Абай облысы
Семей қаласы, Абай көшесі, 90

Қабанбай ауылындағы филиалы

2019 жылы музей Қабанбай ауылында Семей облыстық тарихи-өлкетану музейі Үржар аудандық филиалының бөлімі ретінде ашылды. Музей экспозициясын құру, тақырыптық жоспарын дайындау, бөлімді ашу жолында Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қ. Сабырбаев бастаған ұжым үлкен еңбек сіңірді. «Қабанбай» ауылы тоғыз жолдың торбанда тұрмаса да, оған келушілердің қарасы мол. Бүгінде айдыны жарқыраған «Алакөлдің» абыройы алты алашқа ғана емес, Евразиялық құрылықтың тікпір-түкіпіріне кеңінен мәшһүр болды. Сондықтан апталық жерден ат арытып, «Алакөлдің» шипалы суын аңсап, тілі мен діні бөтен халықтардың өкілдері де алыс-жақын шет елдерден жаз айларының аптап ыстығын елемей ағылып келіп жатады. Тәніне шипа, жанына дауа тапқан туристер мен демалушылар, аз уақыттан соң рухани азық іздей бастайды. Міне, сондай сәттерде олардың көзін тойдырып, ойына қозғау салатын музей бөлімінің экспонаттары болады. Олар музейдің «Үржар ханшайымы», «Археология», «Абай облысының киелі жерлері», «Қабанбай батыр», «Қазақ халқының этнографиясы», «Көшпенді ел мәдениеті» және «Табиғат» деп аталатын 7 залда орналасқан.

Жылдан-жылға музейге келушілердің саны үздіксіз өсіп келеді. Туристік маусым аяқталып адам саны азайған кезде, музейдегі мәдени-ағарту, үгіт-насихат жұмыстары, өлкетану шаралары толассыз жүріп жатады. Жоспарлы түрде музей қабырғасында мерекелік іс-шаралар, тақырыптық көрмелер, лекциялар өткізіліп тұрады. Мектеп оқушылары үшін танымдық және ашық сабақтардың да өткізілуі дәстүрге айналды.