Областной историко-краеведческий музей города Семей

Абай облысы
Семей қаласы, Абай көшесі, 90

Көкжыра ауылындағы филиал

Музейдің Көкжыра ауылынан ашылуының себебі Көкжыра ауылдық округінің аумағынан өте құнды археологиялық жәдігерлер ашылды. Олар: Түйемойнақ, Масалы, Базар шаты, Мәзібай, Даубай, Маралды, Елеке сазы. Әсіресе, соңғы жылдары өзінің бірегей жәдігерлерімен бүкіл Қазақстанға белгілі болған Елеке сазы кешенді археологиялық ескерткішінен қола дәуірінің, сақтардың қонысы, сақтардың элитарлық жерлеу орындары, түріктердің ғибадатханасы ашылып зерттелді. Онда 50-ден астам үлкен қорған бары анықталды. Елеке сазынан бір алтын киімді адам, алтын сәйгүліктің табылуы бүкіл елімізге мақтаныш болатын ашылымдар. Көкжыра ауылдық округінің аумағынан ашылған Маралды тасқа салынған бәдіздер, Даубай қорасының жанынан табылған қола заманының (бұдан 4000 жыл бұрын) су қоймасы бұл округ аумағының ерекше археологиялық нысандарға бай екендігінің дәлелі. Табанды түрде жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде біздің дәуірге дейінгі VIII ғасырға жататын көптеген заттар табылды.

Ғимарат құрылысы 2021-2022 жылдар аралығында жүргізіліп, музей өз жұмысын 2023 жылдың 5 қаңтарынан бастады. Оның құрылуына археолог-ғалым Әбдеш Төлеубаев көп еңбек сіңірді, көптеген артефактілерді тапсырды. Үш экспозициялық көрмеде 1339 жәдігер қойылған: тас, қола, сақ, көне түркі дәуірлерінен және ортағасыр мәдениетінен мәлімет беретін заттар.