
Семей қалалық соғыс және еңбек ардагерлерінің кеңесі жастармен әскери-патриоттық жұмысты барынша мазмұнды жүргізу үшін Ерлік пен еңбек даңқы музейін құру туралы шешім қабылдады. 1983 жылдың екінші жартысында Семей соғыс ардагерлері кеңесі музейді жабдықтауға кірісіп, 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай салтанатты түрде ашылды.
Музейдің бірінші басшысы Сталинград, Курск, Беларусь шайқастарына қатысқан Ф. Пересыпкин болды. Ол Отан соғысы орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Музейдің құрылуы мен қалыптасуына қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің мүшелері Ф. Пересыпкин, И. Шерин, Ф. Зарубин, Ж. Сафарбакова, А. Бекбаев, Б. Кулев, Г. Ахмеров, Ф. Лучшев, Р. Хасановалар үлкен үлестерін қосты.
2011 жылға дейін қоғамдық музей ретінде жұмыс істеп, 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі ретінде құрылды.