- 26.02.2026
- Category: Мақалалар
Қыш құмыралар адамзат тарихында ғасырлар бойы қолданылып келген маңызды тұрмыстық заттардың бірі болып табылады. Олар тек күнделікті тұрмыста ғана емес, мәдени, көркемдік және ғылыми маңызы бар бұйым ретінде де бағаланады. Қыш құмыра жасау ісі адамдардың отты игеруімен тығыз байланысты. Алғашында саз балшықтан қолмен илеп жасалған қарапайым ыдыстар уақыт өте келе жетілдіріліп, күйдіру әдісі арқылы дамыды.
Әр дәуірде құмыралардың пішіні, көлемі мен өрнегі өзгеріп, сол кезеңнің ерекшелігін көрсетіп отырды. Солардың бірі – ерте темір дәуірі. Бұл кезең адамзат қоғамының дамуында өндірістік және әлеуметтік қатынастардың терең өзгеруімен сипатталады. Осы кезеңнен сақталған археологиялық материалдардың ішінде қыш құмыралар маңызды дереккөз болып саналады. Олар көне қауымдардың тұрмыстық тәжірибесін, шаруашылық құрылымын және мәдени дәстүрлерін зерттеуге мүмкіндік береді.
Қыш құмыралар ежелгі адамдардың күнделікті өмірін бейнелейтін негізгі заттардың бірі болып табылады. Археологиялық қазбалардан табылған құмыралардың пішіні, көлемі және конструкциясы олардың қолданылу мақсатын анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, терең әрі тар құмыралар сұйықтық сақтауға пайдаланылса, аласа әрі кең құмыралар дән мен тағам сақтауға арналған.
Қыш құмыралардың материалы мен жасалу технологиясы арқылы зерттеушілер ежелгі қоғамның қолөнер деңгейін, өндіріс әдістерін және материалдық мәдениетін анықтай алады. Қазақстан аумағынан табылған әртүрлі формадағы құмыралар сол өңір тұрғындарының тұрмысын, шаруашылық ерекшеліктерін және экономикалық жағдайын сипаттайды. Сонымен қатар қыш құмыралар әр халықтың мәдени ерекшелігін бейнелейтін өнер туындысы ретінде де бағаланады. Құмыра бетіне салынған ою-өрнектер мен нақыштар халықтың дүниетанымын, сенімін және эстетикалық талғамын көрсетеді.
Ерте темір дәуіріне жататын қыш ыдыстардың басым бөлігі қолмен қалыпталып, қарапайым күйдіру әдістері арқылы дайындалған. Ыдыстардың формасы, ернеуі мен түп құрылысы, беткі өңдеу тәсілдері белгілі бір мәдени ортаны анықтауға негіз болады. Қазақстан аумағынан табылған ерте темір дәуірінің қыш құмыралары геометриялық өрнектермен және сызықтық нақыштарымен ерекшеленеді.
Әр дәуірдің тарихынан сыр шертетін археологиялық бұйымдарды зерттеу және оларды көпшілік назарына ұсыну – музей жұмысының маңызды бөлігі. Осы орайда Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің бай коллекциясында археологиялық жәдігерлер ерекше орын алады. Қазақстандағы көне өлкетану музейлерінің бірі болып саналатын бұл музей Абай дәуірінде негізі қаланған. Музейдің алғашқы қорын археологиялық жәдігерлер құраған. Бұған Ұлы ақын Абайдың досы Е. Михаелистің жеке коллекциясы дәлел бола алады.
Музей 1883 жылдан бастап қалыптасқан уақыттан бүгінгі күнге дейін өңірден табылған құнды жәдігерлермен толықтырылып келеді. Атап айтқанда, Ф. Педащенконың тас және қола дәуіріне қатысты жеке коллекциясы, өңірдің археологиялық деректерін жинаған Н.Коншин, И.Кастанье еңбектері, сондай-ақ соғыстан кейінгі жылдары жүргізілген Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясының (1947–1976 жж.) материалдары музей қорын байытты. Сонымен қатар Л.Чалая, Л. Ермоленко, З.Самашев, Ә. Төлеубаев,
А. Ермолаева, Г. Гущ, А. Исин, А. Долгушев, В. Колбин, П.Жуков, Ю.Занарин, В.Мерц, Ғ.Омаров, Б.Бесетаев, А.Айтқали, А.Жүнісханов секілді археологтардың қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер бүгінде музейдің алтын қорында сақтаулы.
Музейдің археологиялық қорында 1988–1990 жылдары Кемерово мемлекеттік университетінің оқытушылары Ю.Алехин мен А.Илюшин басқарған Семей археологиялық экспедициясы жинаған материалдардың орны ерекше. Аталған жәдігерлердің ішінде қыш бұйымдар да бар. Солардың бірі – 1992 жылы Бесқарағай ауданы аумағында, Сарықамыс көлінен 4–4,5 км қашықтықта, Кривинка ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 15 шақырым жерде орналасқан Сарықамыс-I кешенінде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған қыш ыдыс.
Ерте темір дәуіріне жататын бұл жәдігердің биіктігі – 7,7 см, ені – 7,5 см, аузының диаметрі – 4,9 см, түбінің диаметрі – 4,8 см. Аталған қыш құмыра 1993 жылдың 18 маусымында өлкетану музейінің алтын қорына қабылданған.
Қорытындылай келе, музейде сақталған қыш құмыралар зерттеушілерге ежелгі қоғамның тұрмысын, өндіріс әдістерін, эстетикалық талғамын және мәдени ерекшеліктерін тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Ерте темір дәуірінің қыш құмыралары музей жәдігері ретінде жоғары ғылыми құндылыққа ие. Олар археологиялық зерттеулерде негізгі дереккөз қызметін атқарып, ұлттық мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Нұргүл ҚҰСАИНОВА,
музей маманы
