Областной историко-краеведческий музей города Семей

Абай облысы
Семей қаласы, Абай көшесі, 90

ҰЛТ ЖАДЫН ЖАҢҒЫРТҚАН ҚАЛАМГЕР

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы әрі қоғам қайраткері Медеу Сапаұлы Сәрсекенің туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Қаламгер 1936 жылы 2 қаңтарда Абыралы ауданының Қайнар кеңшарында дүниеге келген. Бұл — қазақ тарихында тағдырлы кезеңдерді бастан өткерген, рухы берік, сөз қадірін терең түсінетін тұлғаларды тәрбиелеп шығарған қасиетті өңір. Осындай ортада өсіп, елдің мұңы мен шындығын ерте сезінген Медеу Сәрсекe кейін сол туған топырақтан алған рухани қуатты бүкіл шығармашылығының өзегіне айналдырды.

Бұл мерейтой — ұлт руханиятына адал қызмет еткен қаламгердің еңбегін еске алып қана қоймай, елден шыққан дарынға деген туған өлкенің заңды мақтанышын білдіретін тағылымды сәт.

Медеу Сапаұлы Сәрсекенің шығармашылық жолы қазақ әдебиетінде деректілік пен көркемдік үйлесімін терең меңгеруімен ерекшеленеді. Жазушы қаламына арқау болған тақырыптардың басым бөлігі — ұлт тарихындағы күрделі кезеңдер, ел тағдырына ықпал еткен ірі тұлғалар мен тағдырлар. Ол архив материалдарына, нақты тарихи деректерге сүйене отырып, өткенді көркем ой сүзгісінен өткізе білді. Оның «Қазақтың Қанышы», «Қаныш Сәтбаев», «Семей қасіреті», «Абыралы қасіреті» сынды еңбектері қазақ әдебиетіндегі тұлғатану мен тарихи жадыны жаңғыртуға арналған салмақты туындылар қатарында. Жазушы бұл шығармаларында жеке адам тағдыры арқылы тұтас бір халықтың басынан өткен зобалаңды, рухани күйзелісті, күрес пен үмітті көрсетеді.

Қаламгердің шығармашылық әлемінде Семей өңірі, Абай елі ерекше орын алады. Бұл — Медеу Сәрсекенің өмірбаянымен ғана емес, рухани қалыптасуымен тікелей байланысты. Семей топырағы — қазақтың ойы мен сөзін биікке көтерген, тарихи сынақтарды бастан өткерген қасиетті мекен. Жазушы осы өңірдің қасіретті тарихын, әсіресе Абыралы аймағының трагедиясын терең зерттеп, оны ұлт жадынан өшірмеуге бар күшін салды.

«Абыралы қасіреті» мен «Семей қасіреті» еңбектері — тек әдеби шығарма емес, тарихи әділетті қалпына келтіруге бағытталған азаматтық үн. Бұл туындыларда автор туған жердің трагедиясын сырттай бақылаушы ретінде емес, сол қасіретті жүрегімен өткерген перзент ретінде жазады. Сондықтан да оның сөзінде жасандылық жоқ, әр жолынан жан айқайы мен шындыққа адалдық сезіледі.

Медеу Сапаұлы Сәрсекенің шығармашылық болмысын толық тану үшін оның инженерлік білімін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Техникалық ойлау жүйесі, ғылыми дәлдік пен логикалық пайым жазушының көркем дүниетанымына ерекше сипат дарытты. Осы негізде ол қазақ әдебиетінде ғылыми-қиял жанрын дамытуға елеулі үлес қосты. Қаламгер ғылым мен адамзат болашағы, техникалық прогресс пен рухани жауапкершілік арасындағы байланысты көркем түрде зерделей білді.

Жазушының «Көрінбестің көлеңкесі», «Жетінші толқын», «От және атом», «Жаңғырық», «Көмбе» атты шығармалары — соның айқын дәлелі. Бұл туындыларда ғылыми идеялар жай ғана қиял деңгейінде қалмай, адам тағдырымен, моральдық таңдауымен тығыз астасып жатады. Автор техника жетістіктерін мадақтаумен шектелмей, олардың адамзатқа тигізер ықпалына философиялық тұрғыдан қарайды.

Медеу Сәрсеке шығармашылығындағы ең ауыр да абыройлы тарау – Семей ядролық полигонының ащы шындығын ашу. Инженер-жазушы ретінде ол бұл қасіретті тек эмоциямен емес, ғылыми дәлдікпен және мұрағаттық фактілермен өрнектей білген бірегей тұлға. Оның «Семей қасіреті» атты деректі романы – жарты ғасыр бойы туған жерінің төсінде ойнаған ажал отына қарсы жазылған үлкен айыптау актісі іспетті. Қаламгер полигонды «қазақ даласындағы геноцид» деп бағалап, «Невада-Семей» қозғалысының белсенді мүшесі ретінде радиация зардабын тартқан мыңдаған тағдырдың мұңын әлемге паш етті. Сәрсеке қаламының басты миссиясы – техникалық білім мен азаматтық рухты тоғыстыра отырып, Семей қасіретін ұлттық жадының ажырамас бөлігіне айналдыру және келешек ұрпаққа тарихтың ащы сабағын аманаттау болды.

Шығармашылық ғұмырын Семей аймағында өткізген Медеу Сапаұлы Сәрсекe туған өңірдің тарихын тану мен таныту ісіне де айтарлықтай үлес қосты. Ол өлкетану жұмысын жай ғана қызығушылық ретінде емес, өткенге деген азаматтық жауапкершілік деп білді. Қаламгердің тікелей атсалысуымен Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына бірқатар құнды жәдігерлер табысталды.

Солардың ішінде академик Қаныш Сәтбаевқа тиесілі болған күміс қасық пен шанышқының музейге өткізілуі — айрықша мәнге ие оқиға. Бұл жәдігерлер тек тұрмыстық бұйым ғана емес, қазақ ғылымының алыбына қатысты тарихи естелік, ұлт руханиятының материалдық айғағы болып табылады. Медеу Сәрсекe осындай құндылықтарды ел игілігіне ұсыну арқылы Семей өңірінің ғана емес, күллі қазақ халқының тарихи жадының сақталуына қызмет етті.

Өлке тарихына деген бұл жанашырлық қаламгердің бүкіл шығармашылығымен сабақтас. Ол үшін өткен — қағаз бетінде ғана қалатын дерек емес, көздің қарашығындай сақтауға тиіс тірі мұра еді. Осы ұстаным Медеу Сәрсекенің қаламынан туған еңбектерде де, қоғамдық іс-әрекетінде де айқын көрініс тапты.

Бүгінде Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында Медеу Сапаұлы Сәрсекенің өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлер сақтаулы. Олардың қатарында қаламгер киген шапан, күнделікті шығармашылық жұмысында пайдаланған қаламсалғышы, өз қолымен жазған қолжазбалары, сондай-ақ сирек кездесетін эксклюзив фотосуреттері бар. Бұл дүниелер жазушының тұлғасын тірілтіп қана қоймай, оның шығармашылық зертханасына үңілуге мүмкіндік береді.

Аталған жәдігерлер арқылы келушілер Медеу Сәрсекенің қаламгерлік әлемін жақынырақ тани алады. Қарапайым тұрмыстық бұйымдардың өзі оның өмір салты мен рухани болмысынан сыр шертсе, қолжазбалар мен фотоматериалдар жазушының ойлау жүйесін, шығармашылық ізденісін айқын көрсетеді. Осылайша музей қорындағы мұралар бір қаламгердің ғана емес, тұтас бір дәуірдің рухани келбетін танытатын баға жетпес қазынаға айналып отыр.

Медеу Сапаұлы Сәрсекенің 90 жылдық мерейтойы — тек бір жазушының ғұмырын еске алу ғана емес, қазақ әдебиеті мен руханиятына, туған өлкеге адал қызметтің белгісі. Ол өз шығармашылығында тарих пен болашақты, ғылым мен қиялды, адам тағдырын және ұлт тағдырын үйлестіре білді. Қаламгердің шығармалары мен өлкетану ісіне қосқан үлесі, Семей қаласындағы музей қорында жазушының шапаны, қолжазбалары, қаламсалғышы, сондай-ақ сирек фотосуреттері сақталған.

Медеу Сәрсекe туған жеріне, туған халқына деген махаббаты арқылы ғана емес, қаламымен, ісімен де үлгі болды. Оның еңбектері оқырманға ой салатын, тарих пен бүгінді байланыстыратын, ұлттық рухты жаңғыртатын құндылық ретінде мәңгі сақталмақ.

 

Назерке АТЕНТАЕВА,

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі