- 23.12.2025
- Категория: Статьи
Ұлы Отан соғысы — осы күнгі бейбітшілік пен тұрақтылықтың өткенде қалған сынығы іспетті. Жас бозбала жігіттер мен жайқалған бойжеткендерді майдан даласына жетелеген — еліне деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімдері. Олар біздің бүгінгі арайлы таңдарымыздың кепілі болса керек. Келешек ұрпақ қанды соғыстың емес, бейбіт өмірдің шуақты таңдарында ер жетсін деп, майдан даласында жанкештілікпен жан тапсырған боздақтарымыз аз емес. Дәл сол батыр ерлеріміздің бірі де бірегейі — үш дәрежелі Даңқ орденінің иегері, жерлесіміз Фазыл Әділбаев.
Әділбаев Фазыл — Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданында 1925 жылдың 7 қарашасында өмірге келген. 1943 жылы Семей облысы Жарма әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылған. 1944 жылдың мамыр айынан бастап Ұлы Отан соғысына аттанған. Майдан даласындағы ерлігі үшін 1945 жылы 9 ақпанда ІІІ дәрежелі Даңқ орденіне ие болып, 1945 жылы 16 наурызда ІІ дәрежелі Даңқ орденімен, 1946 жылдың 15 мамырында І дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған.
Соғыстың сұм сағаттары аяқталғаннан кейін, 1945 жылдың қазан айында әскер сапынан босатылып, туған елге оралды. 1946–1947 жылдары кеніште бұрғылаушы болып жұмыс істеді. 1951 жылы Алматы мемлекеттік заң институтын тәмамдады. Запастағы лейтенант шенін алды.1958 жылдан бастап Өскемен қаласында адвокат болып, Аягөз қаласы ауыл шаруашылық басқармасында заңгер болып қызмет істеді.
1975 жылдың 1 қаңтарында, 49 жасында дүниеден өтті. Фазыл Әділбаев ерлігі мен аянбай төккен тері үшін мәңгілікке келешек ұрпақ жадында сақталмақ. Қазақ халқы батыр тұлғаларын есінен шығармақ емес. Ер есімі — ел есінде.
Мәди АХМЕТКӘРІМ
Әдебиеттер тізімі:
- Кавалеры ордена Славы трех степеней: Краткий биографический словарь. — М., 2000.
- Фазыл Адильбаев. Сайт «Герои страны».
- Адильбаева, Г. Горжусь, что я – дочь солдата [Текст] / Г. Адильбаева // 7 дней. – 2015. – 7 мая. – С. 6.


