- 23.12.2025
- Категория: Статьи
Қазақ халқының мәдениеті мен тарихында дәстүрлі ән өнері ерекше орын алады. Ән арқылы халқымыздың болмысын, бұлжымас салт-дәстүрін, барлық өмір жолын біле аламыз. Бұл әндерді Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов, кейіннен осы қала тарихында көпке үлгі болған біртуар тұлғалар Тұрсынғазы Рахимов пен Келденбай Өлмесеков арқылы осы күнге дейін сақталды. Осы кейінгі буын ішінде көрер көзге бірден түскен әншілеріміздің бірегейі – Келденбай Өлмесеков.
Келденбай Раузаұлы Өлмесеков – 1953 жылы 25 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Құйған ауылында дүниеге келген.
Ол Қаратоғай орта мектебін бітіріп, әскер қатарындағы міндетін өтейді. Бала кезінен әнге әуес, өнерге құмарлығымен көзге түседі.
1977 жылы Республикалық эстрада студиясының әншілер бөлімін, Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтың класынан бітірді.
Әншінің кәсіби жолы Өскемен филармониясынан басталып, 1978 жылдан бастап Семей қаласындағы Әміре Қашаубаев атындағы филармонияда тұрақты қызмет істеді.
Келденбай Өлмесеков – ізденгіш, еңбекқор әнші. Оның репертуарында Абай, Ақан Серінің, Біржан Салдың, Жаяу Мұсаның, Т.Базарбаевтың және қазақтың халық әндерінің озық үлгілері орын алған.
Бірақ ең басты бағыты — Шәкәрім Құдайбердіұлының әндерін насихаттау болды.
Ол «Шәкәрімнің музыкалық мұрасы», «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» атты лекция‑концерттер арқылы ел аралап, Шәкәрім әндерінің мәні мен тарихын халыққа жеткізуге тырысты.
Өнер‑ғылым тұрғысынан да зерттеу жүргізді: әрбір әннің шығу тарихы, мәтіні, әуенін талдап, оны тыңдаушыларға түсіндіруді өз мақсатына айналдырды.
Семей қаласының облыстық тарихи өлкетану музейінде Келденбай Өлмесековтың біраз заттары сақталған. Атап айтсақ, домбыра, костюм- шалбар, жейде, галстук және жеке фотосуреттері.
Келденбай Өлмесеков республикалық және мәдени салада жоғары бағаланды: ол ҚР Президентінің Грамотасымен, ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталды.
Сондай-ақ ол республикалық Әміре Қашаубаев атындағы халық әндерін орындаушылар байқауының лауреаты (1980).
Өнерде қызмет еткен жылдары көпшілікке танылып, елге елеулі үлес қосты.
2011 жылғы 29 шілдеде Келденбай Өлмесеков дүниеден озады.
Оның тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылған.
Келденбай Өлмесеков есімі – ел жадында, әндері – халықтың жүрегінде.
Анар ТӨЛЕУБАЕВА


