- 23.12.2025
- Категория: Статьи
Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толғалы отыр. Уақыт өтсе де, жылдар жылжып ұрпақ жаңарып жаста да, отты жылдардың оқиғалары халық жадынан өшпек емес. Жалпыға мәлім ХХ ғасырдың елеулі оқиғасы болып саналатын Ұлы Отан соғысы көлемі және адам шығыны жөніннен дүниедегі ең жойқын, ең қырғын соғыс болды. Соғысқа 61 мемлекет тартылды, оған жер шары халқының 80 пайызы қатысты.
Иван Михайлович Ландышев (18.1.1925, Ресей, Тверь облысы, Бежецк ауданы, Роща хуторы-18.3.1945, Польша, Лыжица қаласының маңы, Баббин деревниясы) 2-дүниежүзілік соғысқа қатысушы, лейтенант, взвод командирі,орыс.
Соғысқа дейін Ақжол кенішінде жұмыс істеген. Кеңес әскері қатарына 1943 жылы Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы әскери комиссариаты арқылы шақырылып, Ташкент минометшілер училищесін бітірді. 1944 жылы кіші лейтенант шенінде майданға аттанды. 1945 жылдың ақпан-наурыз айларында Кеңес әскері Берлин бағытында соңғы соққыны беруге әзірлік жасап жатты. Беларусь майданы Польшаның Шеттин қаласы бағытында ұрыс жүргізді. 1945 жылдың 18 наурызында 257-атқыштар полкінің взвод командирі Ландышев келесі шабуылға дайындалуға бұйрық алды. Ландышев взводын көтеріп, алғашқылардың бірі болып жаудың тірек бекінісіне кірді. Рота командирі қатардан шығып қалған соң ротаны Ландышев басшылыққа алып, ұрысты жалғастыра берді. Жарақатына қарамастан, ұрыс алаңын тастап кеткен жоқ. Жауынгерлер командирдің нық, жігерлі дауысын естіп, шабуылға шықты. Ландышев жау пулеметінің үнін өшіріп, ротаға жол ашылды. Жаудың кезекті қарсы шабуылын тойтарып, атқыштар ротасы алға жүре бастады. Осы ұрыста Ландышев екінші рет ауыр жараланып, қаза тапты.
Қайсарлығымен ерлігі үшін лейтенант И.М.Ландышевке КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (31.05.1945). Қарағанды облысы Шет ауданындағы Ақжол полиметалл кеніші Ландышевтің есімімен аталады.
Мақпал СТАМБЕКОВА

