- 23.12.2025
- Категория: Статьи
Тарихтың тармақталған беттерінде қанмен жазылған тарихи оқиғалардың бірі – Ұлы Отан соғысы.Әлем халықтарының тең жартысынан жуығын жалмап,әкесін баласынан, анасын ботасынан айырған бұл залал біздің Семейлік өрендерімізді айналып өте қоймады.Солардың бірі-ерлігі ел жадында сақталған, отан үшін іс жүзінде отқа түсіп, су кешкен Кеңес Одағының батыры, «Алтын Жұлдыз» медалі мен Ленин орденінің иесі, жерлесіміз – Серікқазы Бекбосынов.
Серікқазы Бекбосынов – 1925 жылы 21 қыркүйекте Семей облысы, Абай ауданының, Архат ауылында туған. Қарапайым қазақ отбасында тәрбиеленіп, толық емес орта мектепті бітірген. Ұлы Отан соғысына дейінгі жылдарда совхозда жұмыс атқарған.
1943 жылы қаңтарда Қызыл Армия қатарына шақырылып, ақпанда майдан даласына аттанды. Әуе –десант бөлімшесінде жедел оқудан өтіп, 99-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының 300-ші гвардиялық атқыштар полкінің атқышы болған.
1944 жылдың 21-ші маусымы Серікқазы Бекбосыновтың жұлдызы жарқыраған күні. Дәл осы күні 300-ші гвардиялық атқыштар полкіне ерекше әрі ауыр тапсырма жүктеледі. Гвардияшылар қатарынан ең епті әрі ержүрек 12 адам таңдап алынып, Свирь өзенінен өту туралы бұйрықты орындауға аттанған. Бұл тізімде – Серікқазы Бекбосынов та бар еді. Олар өздерінің әскери шеберліктері мен айла тәсілін қолданып, жау плацдармдарын алады. Жауынгерлердің сырт киімдері кигізілген тұлыптарды су бетіне ұстап, өздері су астында келесі жағаға дейін жүзіп өткен. Жаудың қарша бораған оғына қарамастан, Серікқазы Бекбосынов пен оның қарулас достары алғашқылардың бірі болып межеге жетіп, қоян-қолтық ұрыс жүргізеді. Нәтижесінде жаудың 7 рет жасаған қарсы шабуылын тойтара отырып, өздері басып алған жерді қорғап қалды. Осы ұрыстарда көрсеткен ерлігі мен қаһармандыгы үшін КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Бекбосыновқа Кеңес Одағының Батыры атағымен бірге «Алтын Жұлдыз» медалі мен Ленин ордені табысталған.
37-гвардиялық корпус құрамында болған С.Бекбосынов Австрия, Венгрия, Чехословакияны азат етуге қатысты. 1947 жылы аға сержант атағымен запасқа шығады.
Соғыстың сұм сағаттарын жеңіспен аяқтаған жерлесіміз Отанға оралып, өңірдегі еңбек жұмысына белсене араласқан. Жарма облысына қарасты Шалабай совхозында, кейіннен Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданына тиесілі Багратион совхозында қызмет етті. Өмірінің соңғы жылдарын Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Жоғары Тайнты селосында өткізді. 1977 жылы 22 наурызда қайтыс болды.
Қазір батырдың кіндік қаны тамған жері Архат ауылындағы 11 жылдық орта мектепке Серікқазы Бекбосыновтың есімі берілген. Бүгінгі ауылдағы жас ұрпақ Бекбосыновтың ерлігін есінен бір сәтке де шығарған емес.
Нұрайлым НҰРҒАЗИНА
Әдебиеттер тізімі:
- Қазақстандық Совет Одағының Батырлары. 1кітап. Алматы,1968
- Совет Одағының Батырлары. Қысқа биографиялық сөздік. Т. М.,1987
- https://pamyat-naroda.ru/ сайты

