- 08.03.2026
- Категория: Жаңалықтар
Семей қаласының тарихи-өлкетану музейінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Арулар – өмірдің ажары» іс-шарасы өтті.
Іс-шараның мақсаты – анаға деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру, ананы құрметтеуге, сыйлай білуге тәрбиелеу, жастар бойындағы жеке қабілеттері мен таланттарын насихаттау.
Халықаралық әйелдер күніне арналған шараның құрметті қонақтары: Семей қаласындағы «Гуманитарлы-экономикалық колледж» мекемесінің қазақ бөлімінің меңгерушісі, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер оқытушысы қызметін атқарған, бүгінде зейнеткер Ғ.Тоқтарғазина; Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған, бүгінде зейнеткер З.Мағаунина; қаламыздағы №2 емхананың сарапшы дәрігері, нефролог Г.Теміржанова болды.
Кештің алғашқы сөз кезегін музей басшысы Сабырбаев Қайрат Зекенұлы бастап, ақжарма лебізін білдірді.
Кешімізге арнайы шақырылған Ғайни Серғазықызы қазақ әйелінің қоғамдағы рөлі туралы ой-пікірін білдірсе, Зағия Төлеуғазықызы ұлт тәрбиесіндегі ананың орны туралы өз ойын бөлісті. Ал Гүлнар Тұрсынқызы жастарға отбасындағы тәрбие туралы сөз қозғады. Іс-шара барысында Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның әншісі Б.Түктібаев аяулы аналарға арналған жүрекке жылы, әсерлі әндерін орындап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шараға Семей медицина университетінің студенттері де шақырылды. Музей ұжымы қонақтарға гүлдер мен сыйлықтар табыстап, естелік фотосуреттерге түсіп, шараны қорытындылады.
