- 18.05.2026
- Категория: Жаңалықтар
18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырылған «Музей түні» акциясы музей кеңістігін тарих, руханият, өнер мен шығармашылық тоғысқан ерекше мәдени ортаға айналдырды. Кешке қала тұрғындары мен қонақтары белсенді қатысып, музей алаңы мерекелік көңіл күйге бөленді.
* Шара қолөнер шеберлерінің жәрмеңке-көрмесімен басталды. Келушілер ұлттық және заманауи қолөнер бұйымдарын тамашалап, шеберлердің туындыларымен танысты.
* Ашылу салтанатында Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Омархан Жанжігіт Абзалбекұлы музей ұжымын құттықтап, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын табыстады. Сонымен қатар музей директоры Қайрат Зекенұлы Сабырбаевқа Абай облысының әкімі Берік Уәлидің арнайы сыйлығын, музей және филиал қызметкерлеріне алғыс хаттар табыстады.
* «Музей түні» аясындағы ең тартысты шаралардың бірі — «Білгірлер бәйгесі» квиз ойыны болды. Зияткерлік сайысқа Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты мекемелерден сегіз команда қатысты.
Қатысқан командалар:
* I орын — Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Мәселе онда емес» тобы;
* II орын — Облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы КММ «АК-74» тобы;
* III орын — Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармониясының «Әміре әлемі» және Қалалық мәдениет сарайының «Ынтымақ» топтарына табысталды.
Ынталандыру сыйлықтары:
▪ Абай облысының лингвистикалық орталығы — «Ығай мен Сығай»
▪ Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі — «Руханият»
▪ Тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы — «Мұрагерлер»
▪ Абай облысы мемлекеттік архиві — «Самғау»
Кештің ерекше әсерлі сәттерінің бірі — Қазақстан Республикасы Қарулы күштері «Ұлттық әскери-патриоттық орталығы» Семей қаласындағы филиалы әскери оркестрінің концерті болды.
* Музейдің әр залында мазмұнды бағдарламалар ұйымдастырылды. «Бабалар мұрасы», «Жасыл детективтер» викториналары, квест-кітап бағдарламасы, «Самаурын шайы» көрмесі келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
* «Кесте – ұлттық өнер» шеберлік сабағын қолөнер шебері А.Сейлбек өткізіп, қатысушыларға қазақ кестесінің қыр-сырын таныстырды. Ал керамик-суретші, қыш өнерінің шебері Дильназ Тәңірбергенова «Ғажайып саз әлемі» шеберлік сабағында қыш жасаудың дәстүрлі және заманауи әдістерін көрсетіп, келушілерге ерекше шығармашылық атмосфера сыйлады.
* «Семейдің дара қаламгерлері» көрмесі аясында ұйымдастырылған «Ашық микрофон» алаңында жастар өлең оқып, әдебиет пен руханиятты насихаттады.
* «Музей түні» жылы әрі ерекше атмосферада өтіп, келушілер ән тыңдап, би билеп, тарихи-мәдени мұрамен жақынырақ танысты. Шара шығармашылық пен руханиятты тоғыстырған әсерлі мәдени кешке айналды.
Барлық қонақтар мен қатысушыларға шынайы алғысымызды білдіреміз!





















