- 06.04.2026
- Категория: Жаңалықтар
Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің этнография залында «Қазақ әшекейлерінің құпиясы» атты тақырыптық дәрісі өткізілді. Іс-шараның мақсаты – қазақтың зергерлік өнері арқылы өскелең ұрпаққа қазақ халқының терең тарихын, рухани дүниетанымын және мәдени құндылықтарын насихаттауға, зергерлік әшекейлерінің тарихи мәнін, мағынасын және ұлттық мәдениеттегі айрықша орнын түсіндіруге, студенттердің ұлттық мұраға деген құрметін арттыруға бағытталды. Дәріске өнердің тілі мен күмістің бабын тауып жүрген қолөнер шебері Жармақ Мұқажанов шақырылды. Музей экспозициясынан орын алған сәукелені жасау кезіндегі өз жұмысының қыр-сырымен бөлісті. Іс-шараға Рымбек Байсейітов атындағы қаржы-экономикалық колледжінің студенттері қатысты. Тақырыптық дәріс барысында қазақ әшекейлері сақ-сармат мәдениетінің жалғасы екендігі айтылды. Сақтардың жоғары деңгейдегі зергерлік өнері мен мәдениетінен мысалдар келтірілді. Қыз баланың көркі мен тәрбиесін білдіретін әшекейлердің тәрбиелік мәні түсіндірілді. Қатысушылар ата-бабамыздан қалған асыл мұра зергерлік өнер туралы бейнеақпарат тамашалап, қазақ оюларының мән-мағынасына арналған сауалдарға тұщымды жауап берді.
