ЖЕҢІС КҮНІ: ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ

ЖЕҢІС КҮНІ: ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ

2026 жылдың 5 мамырында Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ерлік пен еңбек Даңқы бөлімі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына арналған іс-шара өткізді.

Соғыс жылдарында Семей ірі мобилизациялық орталықтардың біріне айналды. «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін» ұранымен тыл еңбеккерлері тынымсыз еңбек етті. Майданға азық-түлік пен әскери жабдықтар жөнелтіліп отырды. Сонымен қатар, өңір тұрғындары да тікелей ұрыс қимылдарына қатысты. Облыстан шыққан мыңдаған азаматтар Қызыл Армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысының майдандарында ерлікпен шайқасты.

Бұл күні музей қабырғасында аға буын өкілдері мен жастар бас қосты. Кездесуге тыл еңбеккері Молдабай Мусин, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, отставкадағы полковник Шаймардан Калиаскаров, сондай-ақ Ішкі істер органдарының ардагері, полковник Алихан Омарбеков және запастағы майор, Абай облысы бойынша «Қарулы Күштер ардагерлері» өңірлік қоғамдық бірлестігі филиалы кеңесінің мүшесі Ержан Сүлейменов шақырылды.

Іс-шара барысында Семей қаласының геологиялық-барлау колледжінің студенттері соғыс тақырыбына арналған өлеңдер оқыды. Олардың өнері елдің қаһармандық өткеніне деген терең құрметті, ұрпақтар сабақтастығын және рухани құндылықтардың сақталуын айқын көрсетті.

Қонақтарға арнап  «Семей» мәдени-демалыс орталығының әртістері соғыс жылдарындағы әндерді орындап, кешті  мазмұнды етті.