- 06.04.2026
- Категория: Жаңалықтар
Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ұлттық сезім» жобасы аясында кесте тігу бойынша шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттау, жас ұрпаққа қазақ халқының дәстүрлі қолөнерін таныстыру және оған деген қызығушылықты арттыру.
Шеберлік сабағын Семей қаласының тәжірибелі қолөнер шебері Н. Омарғалиева жүргізді. Сабақ барысында қатысушылар қазақтың сәндік-қолданбалы өнеріндегі кесте тігу дәстүрі, оның тарихы мен маңызы туралы мағлұмат алды.
Шебер жастарға кесте тігудің негізгі тәсілдерін, ою-өрнек түрлерін, жіп пен матаны дұрыс таңдауды, инемен жұмыс істеу әдістерін көрсетіп, әр кезеңін түсіндірді. Қатысушылар кесте тігіп, ұлттық ою-өрнектердің қарапайым элементтерін орындауды үйренді.
Мұндай шеберлік сабақтары жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, ұқыптылыққа тәрбиелейді және ұлттық мәдени мұраға деген қызығушылығын арттырады.
«Ұлттық сезім» жобасы – жастардың бойында ұлттық құндылықтарға деген құрметті қалыптастыруға бағытталған мәдени-тәрбиелік жоба. Осындай іс-шаралар арқылы халықтың дәстүрлі қолөнері насихатталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
