ӨНЕР МЕН ӨНЕГЕ ЖОЛЫ

ӨНЕР МЕН ӨНЕГЕ ЖОЛЫ

2026 жылдың 22 мамырында Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ерлік пен еңбек даңқы бөлімінде мәдениет саласының ардагері, білікті басшы әрі ұлағатты ұстаз Құлтуманов Сансызбай Махмерұлының 80 жылдық мерейтойына арналған «Өнер мен өнеге жолы» атты кездесу кеші өтті.

Кеш барысында Сансызбай Махмерұлының балалық шағы, еңбек жолының басталуы, Ақсуат және Үржар аудандарындағы музыкалық мектептердің қалыптасуына сіңірген еңбегі, сондай-ақ М. Төлебаев атындағы музыка училищесі мен өзге де мәдениет мекемелеріндегі қызметі туралы баяндалды.

Шараны құттықтау сөзімен Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Мұстафин Бауыржан Мәулітғазыұлы ашып, мерейтой иесінің иығына шапан жапты. Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Зекенұлы құттықтап, жылы лебізін білдірді. Құттықтау сөз сөйлегендердің қатарында облыстық тарихи-өлкетану музейінің байырғы директоры Теміров Бекен Нұғыманұлы, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Игимбаева Татьяна Жекенқызы, сондай-ақ мәдениет пен өнер саласының белгілі өкілдері болды.

М. Төлебаев атындағы музыка училищесінің студенттері мен қалалық мәдениет сарайының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, ән мен күйден шашу шашты.

Кеш соңында Құлтуманов Сансызбай Махмерұлына алғыс хаттар табысталып, тілектер айтылды. Іс-шараға қатысушылар оның саналы ғұмыры мен көпжылдық еңбегі жас ұрпаққа өнеге екенін ерекше атап өтті.