- 26.02.2026
- Категория: Новости
Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде №23 мектебінің 5 сынып оқушыларының қатысуымен «Семей өңірінің өнері мен мәдениеті» тақырыптық экскурсиясы өткізілді. Іс-шараның мақсаты – жас ұрпаққа өңірдің бай рухани мұрасын таныстыру, ұлттық өнерді дәріптеу және мәдени құндылықтарға деген құрметті қалыптастыру.
Экскурсия барысында музейдің мәдениет экспозициясы кеңінен таныстырылып, Семей өңірінен шыққан көрнекті өнер қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылық жолы туралы жан-жақты ақпарат берілді. Атап айтқанда, қазақ театр және кино өнерінің көрнекті актрисасы Әмина Өмірзақова, актриса, әнші Күләш Сәкиева, қазақ опера өнерінің бұлбұлы Бибігүл Төлегенова, композитор Бекен Жамақаев, дәстүрлі ән өнерінің майталманы Мәдениет Ешекеев, актер, композитор, әнші Болат Сыбанов, әнші, қаламгер Жәнібек Кәрменов, дәстүрлі әнші Келденбай Өлмесеков, эстрада өнерінің жарық жұлдызы Роза Рымбаева, әнші, продюсер Майра Ілиясова сынды тұлғалардың шығармашылық мұрасы жайында кеңінен баяндалды.
Оқушыларға аталған өнер иелерінің қазақ мәдениетінің дамуына қосқан үлесі, олардың өнердегі дара жолы мен жетістіктері туралы мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар экспозицияда қойылған жеке заттары, фотосурет, құжаттары жайлы айтылды.
Шара жас буынның туған өлкенің мәдениеті мен өнеріне деген қызығушылығын арттырып, рухани дүниетанымын кеңейтуге ықпал етті.
