- 23.12.2025
- Категория: Статьи
Семей – ежелден қазақ руханиятының алтын қазығы, талай алып тұлғаларды түлеткен киелі мекен. Бұл топырақта ұлттың ұлы ойшылы Абайдан бастап, оның шәкірттері мен ізбасарларының ізі қалған. Солардың ішінде ерекше орны – қазақтың заңғар жазушысы, ғұлама ғалым, қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовке тиесілі.
Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте қазіргі Абай облысы, Абай ауданы, Аяққараған деген жерде дүниеге келген. Балалық шағы Абай елімен, Семей өңірімен тікелей байланысты өтті. Ол алдымен Семейдегі орыс гимназиясында, кейін мұғалімдер семинариясында білім алды. Дәл осы Семейде ол «Алаш жастары» одағын құрып, мәдени-ағарту ісіне белсене араласты.
1917 жылы Ойқұдық жайлауында алғаш рет «Еңлік-Кебек» пьесасын қойып, қазақ театр өнерінің тұсауын кесті. 1918 жылы дарынды қаламгер Жүсіпбек Аймауытовпен бірге «Екеу» деген бүркеншік атпен Семейде «Абай» журналын шығарды. Бұл басылым болашақ жазушының шығармашылық көзқарасын қалыптастырған үлкен мектеп болды.
1924 жылы Мұхтар Әуезов Семей педтехникумына оқытушы болып тағайындалып, облыстың оқу-ағарту ісіне белсенді атсалысты. Сол жылы ол Орыс география қоғамының мүшесі болып қабылданып, Абайдың 20 жылдық еске алу кешін ұйымдастыруға мұрындық болды. Бұл – Абай мұрасын жүйелі түрде зерттеудің бастауына айналды.
Мұхтар Әуезовтің өмір жолы мен шығармашылығы Семеймен тығыз байланысты. Ол «Таң», «Шолпан», «Қазақ тілі» секілді басылымдарда еңбек етіп, ұлттық әдебиет, мәдениет, тарих мәселелерін көтерді. Кейінгі ұлы еңбегі – төрт томнан тұратын «Абай жолы» роман-эпопеясы да осы өлкеден алған әсер мен білімнің жемісі еді.
Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі жазушы мұрасын насихаттауды жалғастырып келеді. Музей қорында Мұхтар Әуезовтің көзіндей жәдігерлер сақтаулы, жас ұрпаққа өнеге болып отыр.
Семей – Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жолын бастаған, ұлы қаламгердің рухани әлемін байытқан қасиетті мекен.
Нұргүл ҚҰСАЙЫНОВА


