- 26.02.2026
- Категория: Статьи
ХХ ғасырдың басы қазақ халқының қоғамдық-саяси, рухани және мәдени өмірінде аса маңызды кезең болды. Бұл дәуірде ұлттық сана оянып, азаттық идеясы күшейе түсті. Осындай тарихи үдерістердің ортасында тұрған қалалардың бірі — Семей қаласы. Географиялық орналасуы, экономикалық маңызы және рухани орталық ретіндегі рөлі Семейді қазақтың ұлттық баспасөзінің дамуына ықпал еткен басты қалалардың қатарына қосты. Семейде шыққан газет-журналдар қазақ қоғамының өзекті мәселелерін көтеріп, халықтың көзін ашуға, білім мен мәдениетті дамытуға қызмет етті. Сондықтан Семей қаласының ХХ ғасыр басындағы баспасөз тарихын зерттеу — қазақ журналистикасының қалыптасу жолын түсінудің маңызды бөлігі болып табылады.
ХХ ғасырдың басында Семей қаласы Ресей империясының шығыс аймағындағы ірі әкімшілік және сауда орталығы болды. Қалада орыс-қазақ мектептері, мұғалімдер семинариясы, кітапханалар, баспаханалар жұмыс істеді. Бұл жағдай баспасөздің дамуына қолайлы орта қалыптастырды. Сонымен қатар, Семей қаласына жер аударылған орыс демократтары мен саяси қайраткерлердің де ықпалы зор болды. Олар арқылы еуропалық мәдениет, баспасөз дәстүрі, саяси ой-пікір таралды. Осындай ортада қалыптасқан қазақ зиялылары баспасөзді ұлтты оятудың негізгі құралы ретінде пайдаланды. ХХ ғасыр басында біздің өлке — қазақтың көрнекті зиялыларының шоғырланған орталығы болды. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов сияқты қайраткерлердің шығармашылық және қоғамдық қызметі біздің қаламен тығыз байланысты болды. Бұл тұлғалар баспасөз арқылы қазақ қоғамындағы әлеуметтік теңсіздік, отаршылдық саясат, жер мәселесі, оқу-ағарту, әйел теңдігі сияқты тақырыптарды батыл көтерді. Олар халықты білімге, бірлікке және ұлттық тәуелсіздікке үндеді. Семей баспасөзі сол кезеңдегі ұлт зиялыларының негізгі мінберіне айналды.
Семей қаласында шыққан ең маңызды басылымдардың бірі — «Сарыарқа» газеті. Газет 1917–1918 жылдары жарық көріп, Алаш қозғалысының ресми ақпарат құралы қызметін атқарды. 1917 жылдың 15 маусымынан бастап шыққан «Сарыарқа» газетінің редакторы қызметін алаш қайраткерлері Халел Ғаббасұлы, Имам Әлімбекұлы, Райымжан Мәрсекұлы, Шынже Керейбаевтар кезектесіп атқарып, газет беттеріне Алаш қозғалысы туралы хабарларын, Алашорда үкіметінің қаулы-қарарларын. Құжаттарын жариялайды. «Сарыарқа» ұлттық-демократиялық басылым болғандықтан, өз маңайына Жүсіпбек Аймауытов, Мәннан Тұрғанбаев, Көлбай Төгісов (Төлеңгітов), Әлімхан Ермеков сынды қызықтың озық ойлы зиялыларын топтастыра білді. Бұл газеттің бастаушысы (құрылтайшысы) – «Теңдік серіктестігі». «Сарыарқаның» жандануына М. Әуезов, Б. Майлин, С. Дөнентаев, М. Тұрғанбаев сияқты қазақ ақын-жазушылары әңгімелерімен, өлең-жырларымен, өзекті мақалаларымен атсалысты. Осы «Сарыарқа» газетінде Райымжанның «Көпшілдер кесірі – шет мемлекеттердегі қозғалыс», «Заң жобасын даярлайтын комиссия», «Керектің керегі – ғылым», «Оқшау сөз» сынды мақалалары жарық көрді. Сонымен қатар басылым беттерінде қазақ халқының саяси болашағы, ұлттық автономия мәселесі, жерді сақтау, білім беру жүйесін дамыту сияқты өзекті мәселелер қозғалды. «Сарыарқа» газеті халықты елдікке, саяси сауаттылыққа шақырып, қазақ қоғамының қоғамдық пікірін қалыптастыруда үлкен рөл атқарды. Газет авторлары ұлттық мемлекеттіліктің негізін қалауға бағытталған ойларын ашық жеткізді. Демек «Сарыарқа» газеті — ұлттық қозғалыстың үні болғанын нақты айта аламыз.
Одан кейін 1918 жылы Семей қаласында жарық көрген «Абай» журналы қазақ руханияты тарихында ерекше орын алады. Журналдың негізгі ұйымдастырушыларының бірі — Мұхтар Әуезов. Басылымның басты мақсаты — Абай Құнанбайұлының мұрасын насихаттау, қазақтың әдебиеті мен мәдениетін дамыту болды. «Абай» журналында әдеби сын, философиялық мақалалар, тарихи ой-толғамдар жарияланды. Бұл журнал қазақтың жазба әдебиетінің дамуына, ұлттық ой-сананың тереңдеуіне зор ықпал етті. Ол саяси үгіттен гөрі рухани жаңғыруға басымдық берді.
Семей қаласындағы баспасөз ХХ ғасыр басында ағартушылық қызметті кеңінен атқарды. Газет-журналдарда оқу-білімнің маңызы, мектеп ашу, мұғалім даярлау, ана тілінде оқыту мәселелері жиі көтерілді. Сонымен қатар, халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, дін мәселелері де баспасөз назарынан тыс қалған жоқ. Бұл басылымдар қазақ халқының сауаттылық деңгейін көтеруге, жаңа көзқарас қалыптастыруға қызмет етті. Баспасөз арқылы халық заман талабына сай ойлауға үйренді.
1918 жылдан кейін кеңестік биліктің орнауына байланысты Семейдегі баспасөз жүйесінде түбегейлі өзгерістер болды. Алаш қайраткерлерінің басылымдары жабылып, олардың орнына кеңестік идеологияны насихаттайтын газеттер шыға бастады. Ұлттық бағыттағы еркін пікір айту мүмкіндігі шектелді. Соған қарамастан, ХХ ғасырдың басында Семейде қалыптасқан баспасөз дәстүрі қазақ журналистикасының дамуына негіз болып қалды.
Семей қаласының ХХ ғасыр басындағы баспасөз тарихы — қазақ халқының ұлттық санасының ояну тарихымен тікелей байланысты. Бұл қалада шыққан газет-журналдар қазақ қоғамының саяси, мәдени және рухани дамуына өлшеусіз үлес қосты. Семей баспасөзі арқылы ұлттық идеялар қалыптасып, қазақ журналистикасының берік іргетасы қаланды.
Пайдаланылған дереккөздер:
– Мәрсеков Р. Қазақ қайда бара жатыр?
– Байтұрсынұлы А. Ақ жол. – Алматы: Жалын, 1991.
– Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991.
– Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет. – Алматы: Білім, 2002.
– Семей қаласының тарихы. Энциклопедиялық жинақ. – Семей, 2007.
– «Сарыарқа» газеті (1917–1918 жж. нөмірлері).
– «Абай» журналы (1918 ж. жарияланымдары).
– Қазақ журналистикасының тарихы. Оқулық. – Алматы: Қазақ университеті, 2008.
Манарбек САТЫБАЛДИН,
жоғары дәрежелі маман