- 23.12.2025
- Категория: Статьи
Ұлы Отан соғысы — ХХ ғасырдың ең қасіретті де қаһармандыққа толы беттерінің бірі. Сол бір отты жылдары жаумен айқасқан жауынгерлердің арасында семейліктердің де еселі еңбегі ерекше. Солардың бірі — жауынгерлік ерлігімен тарихта қалған Қалзия Асанова.
Қалзия Әжібекқызы Асанова 1924 жылы дүниеге келген. 1942 жылдың мамырында Қызылорда облысынан майданға аттанып, Саратов қаласында парашютші мен артиллерист мамандығын меңгереді. Кейін 16-армияның 27-батальонына қарасты авиациялық полкке қабылданып, артиллериялық барлаушы болып соғысқа қатысады.
Қалзия Әжібекқызы Орел, Курск, Сумы, Гомель, Минск, Брест қалаларын азат етуге қатысып, ерекше ерлігімен көзге түседі. Ол І және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, «Отан соғысы» орденімен және бірқатар жауынгерлік медальдармен марапатталған. Оның ішінде «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары да бар.
Соғыс аяқталған соң елге оралған Қалзия Асанова 1946 жылы тағдырлас жауынгер Қази Асанұлымен отбасын құрады. Бейбіт өмірде де белсенділік танытып, Жамбыл облысының Шу ауданында, кейін Семей облысында жауапты қызметтер атқарды. 1962 жылдан бастап Семей қаласындағы жеңіл өнеркәсіп техникумының директоры болды.
Қалзия Асанованың өмірі — батырлық пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісі. Оның майдан мен бейбіт өмірдегі ерліктері ұрпаққа үлгі, ел тарихының ұмытылмас парағы.





