Областной историко-краеведческий музей города Семей

Область Абай
г. Семей, ул. Абая, 90

ТЕМІРЖАН БАЗАРБАЕВ. СЕМЕЙ ЖӘНЕ АБАЙ

Теміржан Базарбаев кім? Қасиетті де киелі, қаншама адуынды ақынмен баһадүр батырдың табанының табы қалған, Алты Алаштың астанасына айналған Семей топырағымен не байланыстырады? Алдымен осыған тоқталайық. Теміржан Базарбаев – композитор, Қазақстан Республикасының өнеріне еңбек сіңірген қайраткер. 1935 жылы 13 наурыз күні Алматы облысының Алакөл ауданына қарасты Жалғыз ағаш ауылында дәрігер отбасында дүниеге келген. Бір жасынан жетім қалып, Талдықорғанның Үшарал балалар үйінде тәрбиеленеді. Музыкатанушы Алтын Иманбаева өз мақаласында: «Теміржан жастайынан музыкаға бейім болып өседі. Бірде балалар үйіне Нұрғиса Тілендиев пен Бекен Жылыспаев келіп, дарынды балаларды тыңдайды. Біріне өлең, біріне ән айтқызып көреді. Содан үш баланы таңдап алып, арбамен алып кетеді. Жолда бір дөңнен асқанда балалар қашайық деп ақылдасып, екеуі қашып үлгереді екен. Ал кішкентай Теміржанды Нұрғиса ұстап қалады» дейді. Алғашқы музыкалық білімді Күләш Байсейітова атындағы музыкалық училищеде алған ол 1961 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын профессор Қ. Қожамияровтың композиция класы бойынша бітіріп шығып, 1961 жылдан М.Төлебаев атындағы Семей музыкалық училищесі теория бөлімшесінің меңгерушісі әрі оқытушысы болып қызмет атқарды. 1979 жыл мен 1989 жылдар аралығында Қазақстан Композиторлар одағы Ертіс бөлімшесінің төрағасы болып қызмет істеді. Істеп қана қойған жоқ, ол өзінің шығармашылық дарыны мен қабілетін одан әрі жетілдірді. Міне осы жерден Теміржанның Семейге сапарынының басталуын көреміз. Семей топырағынан қуат алып, ауасынан шабыт, суынан нәр алып шығармашылығы одан әрі жанданды. Жанданғаны соншалық жергілікті ақындардың жырына тереңінен бойлады. Осылайша Теміржанның Семейде, Семейден қазақ даласына есім-сойы таныла бастады. Теміржанның Семейге, Семей жұртшылығына бергені мол, алғаны да аз емес. Оның шығармашылық қорында бардың басым дені осы қаланың, осы өңірдің, осы өлкенің жемісі. Ақылбек Манабаев, Рәш Тықышев, Мерғали Ибраев, Қайролла Әліпбаев, Жабайыл Бейсенов сияқты арқалы ақындармен шынайы шығармалас, себепсіз сыйлас болды. Халық композиторларының және Абай әндерінің асқан орындаушы шеберлері Жүсіпбек, Манарбек, Қали Байжановтар дәстүрінің жалқы мұрагері Мәдениет Ешекеев алдын бастаған Болат Сыбанов, Дауыл Хайруллин, Келденбай Өлмесеков, Баян Сағымбаева, Борис Турищев, Тұрсынғазы Рахимов, Жұмабек Қамбаров, Бақыт Үдербаева, Роза Рымбаевалардай т.б. орындаушы-дос, өнер туысы, іні-қарындастарын да Семейден тауып, өзі жеткен өнер қуаныштарын бірге бөлісті. Оның осынау топпен арасында айтыспай түсінісетін тілі бар. Ол тіл – өнердің тілі. Ол тіл – музыканың тілі. Ол тіл – әннің тілі. Ол тіл – өлеңнің тілі.

Ал енді шығармашылығы мен Абай өлеңдеріне жазған әндеріне кеңінен толғанып, сыр шертейік. Теміржан Базарбаевтың ән мәтіні мен өлең сөзі жағынан шығармаластары – әр тұс, әртүрлі ақындық мінезі бар, әртүрлі жастағы үлкенді-кішілі ақындар. Даланың данышпаны дана Абайдан, жиырмасыншы ғасырдың Гомері атанған Жамбылдан басталатын тізім тізбегінде жауынгер Жұбан Молдағалиев, марғасқа Мұқағали Мақатаев, тұма жырдың бастауындай мөлдір поэзиясымен әдебиетіміздің көкжиегін кеңейткен Тұманбай Молдағалиев, қазақтың көрнекті ақыны Нұфтолла Шәкенов, очерк, әңгіме жанрының шебері Бәкір Тәжібаев, халық жазушысы Фариза Оңғарсынова, риясыз ақын Рза Қунақова, қайратты Қасым Аманжолов, аса қабілетті Қабдікәрім Ыдырысов, мұңсыз Мұзафар Әлімбаев, ділмәр Дүйсенбек Қанатбаев т.б. авторлармен қатар оннан аса Семейлік ақындарды қамтиды. Солардың ішінде жиі ән арнағаны Тұманбай Молдағалиев өлеңдері. Тұманбайдың нәзік лирикасы Темекең (Теміржан Базарбаев) әуезіне ертерек лептескен сияқты. Себебі сөз бен үннің жол басындағы үйлесім жарастығы жалғаса беретінін ұлы шығармаларынан көреміз. Екеуінің ортасынан туған ең елеулі туынды, кезінде ел құлағын елең еткізген тамаша табыс тумасы – «Қаздар қайтқанда» («Қаздар қайтып барады мекеніне»).

Жанрлық диапазоны өте кең композитордың шығармашылығының елеулі саласы – Абай өлеңдеріне жазған туындылары. Ол ақынның «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…» өлеңінің тақырыбы негізінде көлемді музыкалық дастан жазды. Одан әрі ұлы Абайдың шығармашылығына терең бойлап, етене жақын танысып «Есіңде бар ма жас күнің?..», «Күлімсіреп аспан тұр…», «Жазғытұрым», «Қыс», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы…», «Ғашықтық, құмарлықпен ол екі жол…» өлеңдеріне ән-романстар жазды. Ж.Алмабаевтың сөздеріне жазған «Абайға», «Әлемнің Абайы», «Абай – айтқан ұранымыз», «Абайдың өсиеті» және «Тоғжандай сүйсең, Абайдай күйсең» әндері ғұмырлық әндердің қатарында. Осы орайда жазушы, Абайдың мемлекеттік «Жидебай-Бөрлі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайын қырық жыл басқарған, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қызметкері Төкен Ибрагимовтің айтқаны ойға оралады: «Абай әлеміне ынтығушы көп. Абай өлеңдеріне ән шығарушылар да аз емес. Өлең өзегімен тіл табысқан сәттілері де аз – аздап бар. Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұхаметжанов, Нұрғиса Тілендиев, Садық Кәрімбаев, Әбілахат Еспаев, Латиф Хамиди, Еркеғали Рахмадиев тәрізді тарландардың Абай сөзіне жазған татымды дүниелері жұртқа белгілі. Ал, Теміржан Базарбаевтың ақын өлеңдері өзегін үнмен сүзуі өзгелерден өзгеше әрі мол болды. Оннан астам ақын өлеңіне ән шығарса, солардың ішінде сөз мазмұны мен үн мәні тіл табыспай жатқаны өте аз. Оның мұндай жетістіктерге жетуінің басты себебі: композитордың ақын өлеңі сөзіндегі көңіл-күйге басым ден қойып, соларды үн мен үн ырғағы толғанысы толқынынан іздеуі, тебіреніс күйлерінің бірін-бірі табуы. Ол Абай өлеңіне ән шығарар сәтінде әр сөздің анық дауысталуына қатты көңіл бөлумен қатар Абайдың ешкімге ұқсамайтын әуен ырғағының нақысына тағзым ететін тәрізді. Ондай шақтарында композитор назарында үнемі «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем қаламқас», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Татьяна хаты» әндері өлшем, үлгі боп елестеп, естіліп тұратын сияқты. Оның бірқатар әндерінен, аспаптық шығармаларынан Абайлық әуез, саз, үн, тыныс сәл де болса құлаққа шалынып қалып отырады. Теміржан Базарбаевтың Абай жан-күйі драмалық қатпарларына тереңдеп бойлаған табысы – «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» симфониясы. Өлеңнің тұла бойы толы қою мұң, кернеулі кейіс, ащы ашу билеген композитор алдындағы мақсат – ақынның заманына, заманы халқына зорлық еткен ауыр тағдырына деген қапалы көңілін, қамырыққан жандауысы, улы күрсінісін сан қатпар, толқынды үндер үдерісімен ашу, тыңдаушы көптің көкейіне жеткізу екені белгілі. Бұл мұратқа жету оңай сарсаң емес еді. Бірақ, Темекең ол мақсатына жетті. Темекең Абай әлемімен біржола біте қайнасып алғандай. Әсіресе, соңғы кезде ғана дүниеге келген Абайдың «Жаз», «Күз», «Қыс», «Көктем» өлеңдеріне жазылған хорлары композитор шығармашылығының жаңа қыры мен ауқымын, абайлық тақырыпта құлашын кеңге салғандығын да білдіргендей». Бұл жазушы Төкеннің Теміржанға берген бағасы. Бұдан асқан аса құнды пікірді таба алмаспыз. Нақ бағасын берген жазушының ел арасында айтылмай жүргені де қаншалықты.

Семейдің өнер өлкесіне аяқ басқаны және мәңгілік туындылар қалдырып, жұртшылық жүрегінен ойып тұрып орын алуы өнерлі өңірдің топырағының қасиеті. Бүгінгі таңда Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде композитордың бірқатар заттары музей қорын толықтырып тұр. Атап айтқанда:

  1. Фото ч/б в молодости. б/н
  2. Фотокопия цветная Т.Базарбаев
  3. Грамота за особое заслуги в развиьии музыкальногомискусства 2005 г. б/н
  4. Ксерокопия ноты. б/н
  5. Программа 1979 г. б/н
  6. Брошюра «Тоғжандай сүйсенң, Абайдай күйсең». б/н
  7. Тетрадь для нот б/н
  8. Фото цветное
  9. Настольные часы
  10. Книга Т.Базарбаева Мелодия судьбы. б/н
  11. Программа б/н
  12. Әндер жинағы «Ауылым» б/н
  13. Очки от зрения. б/н
  14. Сигарета. СКМ ГИК 35890
  15. Электрическая бритва СКМ ГИК 35889

Бұл заттар 2011 жылы Семей облыстық тарихи-өлкетану музейіне табысталған. Содан бері Теміржанның тынысы, Базарбаевтың мәңгілік мұрасы болып келген қонақтардың көзіне оттай басылады.

Жолан Дастенов, Мәуліт Рахымбаев, Аймұхамбет Бейсембеков, Төлеген Мұхамеджанов сынды шәкірттер тәрбиелеп, бірнеше романстар мен әндері қазақ ән дәстүріне жаңа құбылыс әкелген, Абай әлеміне ынтық жанның шығыс өңірінде, қасиетті Абай даласында композиторлық мектеп қалыптастырғанын бүгінгі жас ұрпақ мақтанышпен айтуы керек. Семей Теміржанымен, Теміржан Семейімен жасай беретінін есімізден шығармайық.

 

Манарбек САТЫБАЛДИН