- 23.12.2025
- Категория: Статьи
Ерте дәуірлерде зілдер біздің өңірде де мекендегенін палеонтологиялық табыстар дәлелдейді.
Палеонтологиялық қазбалар Семей өңірінің аумағында ежелгі дәуірлерде зілдің (мамонттардың) тіршілік еткенін айтуға болады.
Музейдің палеонтологиялық жиынтығы 300-ден астам экспонатты қамтиды. Оның ішінде тасқа айналған моллюск қабыршақтары, көне өсімдіктердің таңбалары бар минерал үлгілері, мүйізсіз керке, бизон бас сүйектерінің бөліктері, сондай-ақ зілдің (мамонттың) сойдақ және азу тістері, омыртқа сүйектері – ерте замандағы тіршіліктің айғағы болып табылады.
Музей қорына алғаш болып үңгір аюының бас сүйегінің желке жағының сынығы және 1912 жылы Черемушка кентінен табылған зілдің жамбас пен сан сүйегінің бөлігі тапсырылған.
Қазақстан аумағында, соның ішінде Семей өңірімен шектес аумақтарда зіл қалдықтарының табылғаны туралы деректер бар. Алайда, нақты Семей қаласы аумағында анықталған зіл сүйектері жөнінде ғылыми тұрғыда расталған мәліметтер әзірге аз.
Музей қорындағы зілдің сойдақ және азу тістері, омыртқа сүйектерінің қалдықтары ХХ ғасырдың бірінші және екінші жартысында табылған.
1977 жылы Бесқарағай ауданында зілдің азу тістері табылып, музей қорына өткізілді. Бұл сүйектер – ежелгі тіршіліктің, табиғат тарихының нақты айғағы.
2022 жылы «Прииртышье» өлкетанушылар қоғамының мүшелері Ертіс өзенінің бойындағы «Мамонттар қорымы» аталған жерге экспедиция жүргізу кезінде құм арасынан зілдің бас сүйегі мен азу тісінің фрагментін тапқан. «Бұл тіс емес, тістің бір бөлігі ғана. Яғни жас мамонттың азу тісі болуы мүмкін, себебі оның көлемі шағын», – деп атап өтті қоғам төрағасы Марат Сасанов. Дегенмен, бұл олжа әзірге толық ғылыми зерттеуден өтпеген, сондықтан сүйектердің нақты түрі, жасы мен сақталу дәрежесі жөнінде жарияланған ғылыми қорытынды жоқ.
Зілдің қалдықтары, әдетте, өзен жағалауларында, су ағыстары шайған қабаттардан табылып жатады. Табылған сүйектердің аз ғана бөлігі болса да, олар ежелгі табиғи орта мен жануарлар әлемін зерттеуде маңызды ғылыми құндылыққа ие.
Айсұлу ЕСЕНОВА


