Областной историко-краеведческий музей города Семей

Область Абай
г. Семей, ул. Абая, 90

ӨНЕГЕЛІ ӨМІР, ӨЛМЕС МҰРА

2026 жылғы 25 ақпанда Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде жазушы, драматург, аудармашы, публицист, қоғам қайраткері Медеу Сәрсекенің 90 жылдығына арналған «Өнегелі өмір, өлмес мұра» еске алу кеші өтті.

Шараны кіріспе сөзімен Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысының орынбасары Соғымбай Олжас Амангелдіұлы ашты.

Жазушының өмір жолы мен шығармашылығы жайлы филология ғылымдарының докторы, профессор А.Еспенбетов, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор З.Тоқаев, Республикалық Абай қорының президенті О.Кәрібжанов, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің директоры, Абай облыстық маслихат депутаты Ш.Жанаева, ақын, «Ақындар орталығының» жетекшісі Д.Омарбаева, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі және Семей өңірі филиалының төрағасы, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының директоры М.Қарт әдемі естеліктермен бөлісті.

Кеш аясында көрнекті қаламгерге арналған музей қоры негізінде жасақталған көрме ұсынылды. Қазіргі таңда қорда қаламгердің жеке архивіне тиесілі қолжазбалары, фотосуреттері, хаттары, шығармалары, сондай-ақ Қаныш Сәтбаевке қатысты құнды заттар сақтаулы. Көрмеде академиктің жары Таисия Алексеевнадан алынған ас құралдары, оның Медеу Сәрсекеге жазған хаттары, 1972 жылы Мәлік Ғабдуллинге жолданған хат пен жауап қолжазбалар, Әзілхан Нұршайықовтің жеделхаты және өзге де естелік дүниелер қойылған. Таисия Алексеевна хатында Қаныш Имантайұлы туралы деректер үшін алғыс білдіреді. Көрме бойынша таныстырған музейдің бас қор сақтаушысы Айнұр Мұратханқызы.

Кешіміздің көркін келтіріп Медеу Сапаұлының сүйікті әндерінің бірі «Абыралы, Қайнарым» әсем әнін Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Айдан Бауыржанұлы орындады. Кештің басты мақсаты – ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның мұрасын дәріптеу, жас ұрпаққа насихаттау және тарихи жадымызды жаңғырту болды деп музей директоры Қ.Сабырбаев кешті түйіндеді. Медеу Сәрсекенің шығармашылық жолы – табандылық пен парасаттың, ғылым мен көркем сөздің үйлесім тапқан жарқын үлгісі. Оның еңбектері қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алады. Ал ұлт әдебиетінің асыл перзентін ұлықтау – кейінгі буынның парызы.